ЖЕКЕ МЕКТЕП ҒИМАРАТЫ МЕМЛЕКЕТТІК МЕНШІККЕ БЕРІЛДІ

Azattyq-news
2 Min Read

Қызылорда облысында Р.Әліарыстанұлы атындағы жеке мектеп ғимаратын облыстық коммуналдық меншікке беру туралы меморандумға қол қойылды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, жауапты сала басшылары, сондай-ақ селекторлық режимде қала және аудан әкімдері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы соңғы жылдары өңірде білім саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы үш жылда білім беру саласына 812,2 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл бағытқа 302 млрд теңге қаралған.
Сонымен қатар бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын бақылау күшейтілген. 2023 жылдан бастап енгізілген «Фейс-бақылау» мобильдік қосымшасы арқылы балабақшаларға жалған тіркелген 19 263 бала анықталып, 28,1 млрд теңге үнемделген. Ал жалған медициналық анықтамалар мен негізсіз демалыс күндерін тіркеу фактілері бойынша 6,7 млрд теңге бюджетке қайтарылған.
Өңірде демографиялық өсім мен көші-қон белсенділігіне байланысты оқушылар саны жыл сайын артып келеді. Жаңа оқу жылында 1–11 сыныптарда 189 288 оқушы білім алуда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 364 балаға көп.
Меморандумға облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов пен мектептің құрылтайшысы Шәркүл Иманбердиева қол қойды.
Шара барысында Шәркүл Иманбердиева, мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов және «Ұлағат» мектебінің құрылтайшысы Қалқазбек Әжібеков сөз сөйлеп, жас ұрпаққа сапалы білім берудің маңызын атап өтті.
Айта кетейік, өткен жылы өңірде 13 білім беру ұйымы ашылып, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектеп пайдалануға берілген.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру