ҚАЗАЛЫДА ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БАҒЫТЫНДА КҮШЕЙТІЛГЕН ТҮНГІ РЕЙД ЖҮРГІЗІЛДІ

Azattyq-news
3 Min Read

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асқан «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев та өңір деңгейінде «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтырудың, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және құқық бұзушылықтың алдын алудың маңыздылығын үнемі атап өтіп келеді.

13d3b39d 8014 4e37 ac0c e4ec16d0addb

Аймақ басшысы аталған бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңсыз алкоголь өнімдерінің айналымына жол бермеу және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеген болатын.

Осыған сәйкес, бүгін Қазалы ауданында қоғамдық тәртіпті сақтау, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және заң талаптарының орындалуын бақылау мақсатында күшейтілген түнгі рейд жұмыстары ұйымдастырылды.

Рейдке аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы қатысып, аудан орталығындағы ойын-сауық орындарын, кафе-барларды және сауда нысандарын аралады. Аралау барысында кәсіпкерлік нысандарындағы заң талаптарының сақталуына, алкоголь өнімдерін сату тәртібіне, кәмелетке толмағандарға спирттік ішімдіктер мен кальян ұсыну мәселелеріне, сондай-ақ жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруіне ерекше назар аударды.

Күшейтілген рейд жұмыстарына аудан басшысымен бірге аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Ибраев, аудан прокуроры орынбасарының міндетін атқарушы Әділбек Сағатбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Майра Ршымбетова мен аудандық кірістер басқармасының басшысы Абай Қайрбайұлы, учаскелік полиция инспекторлары, білім бөлімінің қызметкерлері және мектеп директорлары жұмылдырылды.

Аудан әкімі кәсіпкерлік нысандарының иелерімен кездесіп, заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Әсіресе, кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сатуға жол бермеу, белгіленген уақыттан кейін жасөспірімдердің заңды өкілінсіз ойын-сауық орындарында болуына жол бермеу және кальян ұсынуға қатысты заң талаптарын сақтау мәселелері түсіндірілді. Заң бұзушылықтардың алдын алу бағытында кәсіп иелеріне тиісті ескертулер беріліп, жауапкершілік мәселесі назарға алынды.

Рейд барысында аудан әкімі қоғамдық қауіпсіздік пен жасөспірімдер тәрбиесіне қатысты өз пікірін білдірді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты – қауіпсіз әрі тұрақты қоғам қалыптастырудың негізгі ұстанымы. Облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының тапсырмалары аясында бұл бағыттағы жұмыстарды аудан көлемінде жүйелі түрде жалғастыруымыз қажет. Бүгінгі рейдтің басты мақсаты – тек құқық бұзушылықтарды анықтау емес, ең алдымен олардың алдын алу, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәсіпкерлер арасында заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру. Әсіресе, кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сатуға, жасөспірімдердің түнгі уақытта қараусыз жүруіне және олардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін өзге де жағдайларға жол берілмеуі тиіс. Бұл ретте ата-аналардың, білім беру ұйымдарының, құқық қорғау органдарының және кәсіпкерлердің жауапкершілігі жоғары. Барлығымыздың ортақ міндетіміз – балаларымыздың қауіпсіздігін қорғау, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамда заңға деген құрметті нығайту. Мұндай рейдтік шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады, – деді аудан әкімі.

Күшейтілген рейд жұмыстары барысында кәсіпкерлерге қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, анықталған мәселелер бойынша тиісті профилактикалық шаралар қабылданды. Заң бұзушылық белгілері анықталған жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылдау қажеттігі ескертілді.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жасөспірімдердің құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау, заңсыз алкоголь саудасының алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы рейдтік жұмыстар аудан орталығы мен ауылдық округтерінде жалғасын табады.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру