Қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылық – заң талаптарының сақталуы мен әрбір азаматтың жауапкершілігіне тікелей байланысты. Әсіресе, жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, олардың қауіпсіз ортада тәрбиеленіп, жан-жақты дамуына жағдай жасау – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Осы орайда Қызылорда қаласында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында кешенді профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.
Қызылорда қаласының аумағында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, олардың қатысуымен орын алатын топтық төбелестердің, жасөспірімдерге қарсы жасалатын қылмыстар мен түрлі оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында рейдтік-профилактикалық іс-шаралар өткізілуде. Бұл шаралардың басты мақсаты – жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңыздылығын түсіндіру.
Профилактикалық іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері жасөспірімдермен және олардың заңды өкілдерімен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерлерде болуына жол бермеу, қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, құқық бұзушылықтарға жол бермеу және қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде кеңінен ақпарат берілуде.
Сонымен қатар, қазіргі цифрлық дәуірдің талаптарына сай интернет кеңістігін қауіпсіз пайдалану мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді пайдалану кезінде жеке мәліметтерді қорғау, интернет-алаяқтардан сақтану, күмәнді ақпарат көздерінен аулақ болу және онлайн ортада мәдениетті қарым-қатынас жасау қағидалары түсіндірілуде.
Полиция қызметкерлері ата-аналармен профилактикалық әңгімелесулер өткізіп, баланың бос уақытын тиімді ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтуде. Мамандар баланың кімдермен араласатынын, қайда және қалай уақыт өткізетінін, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі белсенділігін назарда ұстаудың қажеттілігін жеткізуде. Себебі ата-ананың тұрақты бақылауы мен дұрыс бағыт-бағдары көптеген құқық бұзушылықтар мен келеңсіз жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру – олардың тұлғалық дамуы мен құқықтық тәртібін қалыптастырудың маңызды тетіктерінің бірі. Балалардың спорттық, шығармашылық және қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысуы олардың зиянды ортаға түсу қаупін төмендетіп, жауапкершілік сезімін арттырады. Сондықтан ата-аналар балаларының қызығушылықтарын қолдап, олардың пайдалы істермен айналысуына жағдай жасауы қажет.
Қызылорда қаласында өткізіліп жатқан профилактикалық іс-шаралар тек құқық бұзушылықтың алдын алуға ғана емес, қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға және жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Заң мен тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың міндеті әрі ортақ жауапкершілігі.
Құрметті ата-аналар! Балаларыңыздың кіммен араласатынына, қайда және қалай уақыт өткізетініне бейжай қарамаңыздар. Олардың өміріне белсенді араласып, сенімді қарым-қатынас орнату – құқық бұзушылықтардың, құқыққа қарсы әрекеттердің және түрлі оқыс оқиғалардың алдын алудың ең тиімді жолы.
Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғамның кепілі! Заңға құрметпен қарайтын, тәртіпті сақтайтын және жауапкершілігі жоғары жас ұрпақ – еліміздің жарқын әрі қауіпсіз болашағының кепілі.
