Қызылорда облыстық прокуратурасының бастамасымен ұйымдастырылған «Заң керуені» акциясы биыл Сырдария ауданынан бастау алды. Халықпен ашық әрі тікелей байланыс орнатуға бағытталған бұл жоба өңір тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттырып, олардың көтерген мәселелерін жергілікті жерде жедел шешуге мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналып келеді.
Аталған акция халық пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтып, азаматтардың құқықтарын қорғау мен заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер бойынша жауапты сала мамандарымен тікелей жүздесіп, құқықтық кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.

Іс-шараға облыс прокуроры Ризабек Ожаров, Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен өкілдері қатысты.
Кездесу барысында аудан тұрғындары әлеуметтік қамсыздандыру, жер қатынастары, тұрғын үй мәселелері, еңбек даулары, атқарушылық іс жүргізу және өзге де маңызды салалар бойынша өз сауалдарын қойды. Азаматтардың өтініштері мен ұсыныстары мұқият тыңдалып, қолданыстағы заңнама аясында жан-жақты түсіндірмелер берілді. Бірқатар мәселелер тиісті органдардың бақылауына алынып, оларды шешу бойынша нақты жұмыстар жүргізілетін болды.
«Заң керуені» акциясының басты мақсаты – тұрғындардың мемлекеттік органдарға қолжетімділігін арттырып қана қоймай, құқықтық мәселелердің алдын алу, азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті нығайту болып табылады.
Кездесу барысында құқық қорғау органдары тарапынан өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да таныстырылды. Нәтижесінде, қабылданған кешенді шаралардың арқасында биылғы жылдың өткен кезеңінде Қызылорда облысы бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 10 пайызға азайған. Ал Сырдария ауданында бұл көрсеткіш 22 пайызға төмендеп, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласында оң нәтижелерге қол жеткізілгені айтылды.
Бұл көрсеткіштер өңірде профилактикалық жұмыстардың тиімділігін және құқық қорғау органдарының халықпен тығыз байланыс орнатуының маңыздылығын көрсетеді.
«Заң керуені» алдағы уақытта облыстың өзге аудандарында да жалғасып, тұрғындардың құқықтық мәселелерін шешуге және мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын арттыруға өз үлесін қоса бермек.
Мұндай кездесулер – халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатының нақты көрінісі. Тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, заң аясында көмек көрсету арқылы қоғамдағы сенім мен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға жол ашылады.
