Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі 2026 жылды «Қауіпсіз балалық шақтың кепілі» жылы деп жариялауына байланысты еліміздің барлық өңірлерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған түрлі профилактикалық және мәдени-көпшілік шаралар өткізілуде. Осыған сәйкес, 2026 жылдың 18 мамыры мен 8 маусымы аралығында Қызылорда қаласында «Зорлық-зомбылықсыз – Қызылорда» атты кең көлемді флешмоб форматындағы науқан ұйымдастырылуда.
Аталған акция аясында Қызылорда қаласы Полиция басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің бастамасымен қалалық демалыс паркінде балалар мен ата-аналарға арналған мерекелік концерттік бағдарлама өткізілді. Іс-шараға қала тұрғындары, жасөспірімдер, ата-аналар және түрлі сала өкілдері белсенді қатысып, көтеріңкі көңіл-күйде бас қосты.
Мерекелік кештің басты мақсаты – қоғамда зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалардың құқықтарын қорғау, жасөспірімдерді тәртіпке, сыйластыққа және татулыққа тәрбиелеу, сондай-ақ қауіпсіз орта қалыптастыруға қоғам назарын аудару болды. Сонымен қатар, отбасы құндылықтарын дәріптеу мен балалардың алаңсыз әрі қауіпсіз ортада өсуіне жағдай жасау мәселелері де кеңінен насихатталды.
Бағдарлама барысында балаларға арналған қызықты ойындар, түрлі байқаулар мен көңілді эстафеталар ұйымдастырылып, кішкентай қонақтарға арнайы сыйлықтар мен балмұздақтар таратылды. Концерттік бағдарламада өнерпаздар ән шырқап, мерекелік атмосфера сыйлады.
Іс-шара соңында қала тұрғындары ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мұндай тәрбиелік әрі тағылымы мол шаралардың өскелең ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Зорлық-зомбылықсыз – Қызылорда» акциясы алдағы уақытта да жалғасып, қоғамда қауіпсіздік пен мейірімділік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі.
Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру
Пікір қалдыру
