Қызылорда қаласында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған маңызды кездесу өтті. Шараны Қызылорда қаласы Полиция басқармасы ұйымдастырып, оған ювеналды және криминалдық полиция бөлімдерінің қызметкерлері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – оқушылар арасында интернет алаяқтық, буллинг және өзге де құқықбұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру болды.
Іс-шара барысында тәртіп сақшылары қазіргі таңда кең таралған интернет алаяқтық түрлеріне тоқталды. Олар оқушыларға жеке деректерді қорғаудың маңызын түсіндіріп, күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз тұлғалардың ұсыныстарына сенбеу керектігін ескертті. Мамандардың айтуынша, интернеттегі алаяқтықтың құрбаны болмас үшін әрбір қолданушы сақтық шараларын қатаң ұстануы тиіс.

Сонымен қатар, жиында жасөспірімдер арасында жиі кездесетін буллинг мәселесі кеңінен талқыланды. Полиция қызметкерлері буллингтің психологиялық және әлеуметтік салдарына тоқталып, оның алдын алу жолдарын түсіндірді. Оқушыларға өзара сыйластық пен құрметтің маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Кездесу барысында құқықбұзушылықтың өзге де түрлері – дроперлік қызметке тартылу, тонау және сталкинг мәселелері қозғалды. Мамандар бұл әрекеттердің заң алдындағы жауапкершілігін түсіндіріп, мұндай жағдайларға тап болған кезде қайда жүгіну керектігін нақтылап берді.
Шара соңында оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, құқық қорғау органдарының өкілдерінен толыққанды жауап алды. Мұндай кездесулер жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастырып, қоғамдағы қауіпсіздікті нығайтуға ықпал ететіні атап өтілді.
