Қызылорда қаласында «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» республикалық акциясы аясында тағылымы мол мәдени іс-шара ұйымдастырылып, Ә.Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» атты психологиялық драмасы көрерменге жол тартты. Қоғамдағы отбасы институтының маңызын арттыруды көздеген қойылым көпшілікке терең ой салып, отбасылық татулық пен адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге арналды.
Тағылымды спектакльді Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры сахналады. Қойылымның ұйымдастырылуына Қызылорда облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері бастамашы болды. Бұл — мәдениет пен құқық қорғау саласының қоғамдағы өзекті мәселелерді бірлесіп көтерудегі маңызды қадамдарының бірі.
Қойылым желісі отбасы ішіндегі қарым-қатынас, ата-ана мен бала арасындағы жауапкершілік, перзенттік парыз бен рухани құндылықтар төңірегінде өрбиді. Сахнадағы кейіпкерлер тағдыры арқылы көрерменге отбасының қадірі, туған шаңырақтың жылуы мен мейірімнің орны ерекше әсермен жеткізілді. Әсіресе, қазіргі қоғамда жиі көтерілетін тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінің салдары шынайы көріністер арқылы бейнеленіп, көрерменді бейжай қалдырмады.
Іс-шара барысында «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының көмек алушылары да арнайы шақырылып, қойылымды тамашалады. Олар спектакльден ерекше әсер алғандарын айтып, мұндай рухани-танымдық шаралардың қоғам үшін маңызы зор екенін жеткізді.
Көрермен қауым драма соңында актерлердің шеберлігіне ризашылықтарын білдіріп, қойылымның тәрбиелік мәні жоғары болғанын атап өтті. Спектакль тек өнер туындысы ретінде ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге назар аудартатын маңызды мәдени алаңға айналды.
Мамандардың айтуынша, отбасыдағы сыйластық пен түсіністік — берік қоғамның басты негізі. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті саналады. Осы тұрғыда театр сахнасында көтерілген өзекті тақырыптар халық санасына оң әсер етіп, отбасы құндылықтарын нығайтуға ықпал етеді.
Осындай мазмұнды шаралар арқылы қоғамда мейірім, құрмет пен жауапкершілік қағидаттарын қалыптастыру көзделуде. Өйткені отбасы татулығы — ел бірлігі мен қоғам тұрақтылығының берік іргетасы.
Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру
Пікір қалдыру
