2026 жылғы 22 шілде күні Сырдария ауданы полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Айгүл Ергешбайқызы Рсымова аудан тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту және тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсету мақсатында кезекті профилактикалық іс-шара ұйымдастырды.
Аталған шараға Отбасын қолдау орталығының мамандары, аудандық аурухананың қызметкерлері мен білім беру саласының өкілдері қатысып, Тереңөзек кентінде тұратын әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың тұрғылықты мекенжайларын аралады. Бірлескен жұмыс барысында отбасы мүшелерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары жан-жақты зерделеніп, олардың күнделікті өмір сүру деңгейі, балалардың тәрбиесі мен білім алуы, денсаулық жағдайы және әлеуметтік қолдау шараларына мұқтаждықтары анықталды.
Кездесу барысында мамандар тұрғындармен жеке әңгімелесу жүргізіп, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықтық мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстарын өткізді. Азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау тетіктері туралы кеңінен ақпарат беріліп, қажетті жағдайда тиісті мемлекеттік органдар мен әлеуметтік қызметтердің көмегіне жүгіну жолдары түсіндірілді.
Сонымен қатар, кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен олардың сапалы білім алуына ерекше назар аударылды. Жаңа оқу жылы қарсаңында ұйымдастырылатын «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларды қажетті оқу құралдарымен, мектепке қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша нақты жоспарлар жасалды. Бұл шара балалардың жаңа оқу жылына толыққанды дайындалуына және олардың білім алуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Мұндай профилактикалық және әлеуметтік қолдау шаралары тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, отбасы институтын нығайтуға, әлеуметтік осал топтарға дер кезінде көмек көрсетуге және кәмелетке толмағандардың мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді. Сырдария ауданында мемлекеттік органдар мен әлеуметтік сала мамандарының өзара ынтымақтастығы алдағы уақытта да жалғасып, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетін болады.
Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру
Пікір қалдыру
