Сырдария ауданында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда

Azattyq-news
2 Min Read

Сырдария ауданында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жүргізушілердің құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында 2026 жылдың 11-16 шілде күндері аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Аталған іс-шара аясында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылауды күшейтіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізуде.
Іс-шараның алтыншы күні аудан аумағында мас күйінде көлік басқарған жүргізуші анықталды. Сырдария ауданы полиция бөлімінің патрульдік полиция тобы қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бұзған «DAEWOO NEXIA» маркалы автокөлікті тоқтатқан. Тексеру барысында көлік жүргізушісінің алкогольдік ішімдік ішкеніне күмән туындап, ол заңнама талаптарына сәйкес медициналық куәландырудан өткізілді.
Наркологиялық сараптаманың қорытындысы бойынша 30 жастағы жүргізушінің жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Осыған байланысты құқық бұзушыға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Сот шешімімен жүргізуші 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынып, көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айырылды.
Айта кету керек, алкогольдік ішімдік ішіп, көлік тізгіндеу – тек заң бұзушылық қана емес, адам өміріне төнетін үлкен қауіп. Мас күйінде көлік басқару салдарынан орын алатын жол-көлік оқиғалары көптеген азаматтардың өмірі мен денсаулығына орны толмас зардап келтіруі мүмкін. Сондықтан мұндай құқық бұзушылықтарға қатысты заң талаптары қатаңдатылып, жауапкершілік шаралары күшейтілген.
«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын да тұрақты түрде жүргізуде. Жолдағы тәртіп пен қауіпсіздік – әрбір жүргізушінің жауапкершілігі. Көлік тізгіндеген азамат өз өмірімен қатар, өзге жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне де жауапты екенін әрдайым есте ұстауы қажет.
Құрметті жүргізушілер!
Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаңыздар. Алкогольдік ішімдік ішкен жағдайда көлік басқарудан бас тартыңыздар. Жолдағы қауіпсіздік – баршамызға ортақ міндет. Заң талаптарын сақтау арқылы өз өміріңізді де, айналаңыздағы адамдардың өмірін де қорғауға үлес қоса аласыз.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру