Шиелі ауданында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері артты

Azattyq-news
3 Min Read

Шиелі ауданында 2026 жылдың алғашқы алты айында әлеуметтік-экономикалық даму бағытында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Аудан бюджеті 16 млрд 10 млн теңгеге нақтыланып, өз кірістері 4 млрд 180 млн теңгеге жетіп, жоспар 110,9 пайызға орындалды.

Аудан экономикасына тікелей ықпал ететін негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерде өсім қалыптасты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 44 млрд теңгені, өңдеу өнеркәсібі 37,8 млрд теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы саласында 5,7 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Сонымен қатар, ауданға 37,4 млрд теңге инвестиция тартылып, құрылыс жұмыстарының көлемі 13,2 млрд теңгеге жетті.

Ауданда 5 747 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 40 жобаға 641,4 млн теңге көлемінде шағын несие берілді. 2025-2030 жылдары жүзеге асырылатын 18 ірі инвестициялық жоба бойынша 163,5 млрд теңге инвестиция тартылып, 1024 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

Жыл басынан бері ауданда 492 жаңа жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 1021-ге жеткізу көзделген. Әлеуметтік көмек ретінде 124 отбасының 669 мүшесіне 44,9 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

Ауыл шаруашылығы саласында 32,5 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде 11,6 мың гектарға күріш орналастырылды. Су үнемдеу технологияларын енгізу, жерді лазерлік тегістеу және ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Соңғы төрт жылда ауданның ауыл шаруашылығы техникалары паркінің 68,5 пайызы жаңарды.

Инфрақұрылымды дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. «Құмжарған» каналының құрылысы жалғасып, Шиелі теміржол вокзалы 836 млн теңгеден астам қаржыға қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар, спорт нысандары, газ және электр желілері, автомобиль жолдары бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.

Ауданда тұрғын үй құрылысына да ерекше мән берілуде. 2023-2026 жылдар аралығында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 280 пәтер берілді. Биыл 200 пәтер сатып алуға 3 млрд 95 млн теңге бөлінді.

Бүгінде ауданның 19 елді мекені табиғи газбен қамтылған. Бұл – аудан халқының 81 пайызы. Ал ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайды.

Білім саласында ауданда 37 мемлекеттік және 1 жеке мектеп жұмыс істейді. Биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша ауданның орташа көрсеткіші 85,7 балды құрап, облыс бойынша үшінші орынға ие болды. 93 оқушы «Алтын белгі», 109 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында аудан аумағында абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Көшелерде су себу жұмыстары күшейтіліп, тазалық жұмыстарына тұрғындар, кәсіпкерлер мен ұйымдар белсенді атсалысуда.

Алдағы уақытта да Шиелі ауданында халықтың әл-ауқатын арттыру, экономиканы дамыту және инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру