Отан үшін от кешкен Қани Медетбаев

Azattyq-news
3 Min Read

Ел басына күн туған аласапыран кезеңде қолына қару алып, майданға аттанған ерлердің бірі – Қани Медетбаев. Оның Қазалыдан басталған өмір жолы Берлинге дейін жетіп, Ұлы Жеңіспен аяқталды.


Қани Медетбаев Қазалы ауданына қарасты №3 ауылда қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Соғыс өрті тұтанған шақта ол Қазалы қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумында білім алып жүрген жас еді. Алайда ел басына түскен ауыртпалық оны да қатардан қалдырмады. Барша ер-азаматтар секілді ол да Отан қорғау жолына аттанды.
1942 жылдың 1 қаңтарында әскери комиссариаттан шақырту алған жас жігіт туған-туысымен қимай қоштасып, майданға жол тартты. Ташкент қаласында бір айлық әскери дайындықтан өткен соң, ақпан айында Мәскеу бағытына жөнелтілді. Бұл кезде Мәскеу түбінде жаумен кескілескен қанды шайқастар жүріп жатқан еді.
Ауылда өскен өрімдей қазақ жастары бірден сұрапыл соғыстың ортасына түсіп, өлім мен өмір арпалысқан ауыр күндерді бастан кешті. Қани да сол жерде соғыстың шынайы бейнесін алғаш рет көзімен көрді.
Майдан даласында ел үшін жанын қиған әрбір жауынгер құрметке лайық. Олардың ерлігін ұлықтау – кейінгі ұрпақтың бойына отансүйгіштік рухты сіңірудің бір жолы. Осы мақсатта 2016 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданында өткен ономастикалық комиссия шешімімен Әйтеке би кентіндегі бір көшеге Қани Медетбаевтың есімі берілді.
Соғыстан аман оралған Қани шаңырақ көтеріп, жары Орынбасармен бірге үлкен әулеттің іргесін қалады. Олар бес ұл, бес қыз тәрбиелеп өсірді. Орынбасар ана «Батыр Ана» атағына ие болды. Бүгінде олардың ұрпақтары еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп, тәуелсіз Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосып келеді. Батыр атаның артында 26 немере, 63 шөбере, 2 шөпшек өсіп-өнді.
Отбасында ата-әжесінің өмір жолы кейінгі буынға үлгі ретінде үнемі айтылып отырады. Қани Медетбаев соғыстан кейін Қазалыдағы әскерилендірілген күзет мекемесінде ширек ғасырға жуық адал қызмет атқарды. Соғыста алған жарақаты салдарынан ІІ топ мүгедектігіне байланысты 1971 жылы зейнетке шықты. Алайда денсаулығы сыр беріп, бірнеше жылдан соң ауыр науқастан дүниеден өтті.
Берлинде Жеңісті қарсы алған ардагердің ұрпақтары Жеңіс күнін жыл сайын ерекше құрметпен қарсы алады. Оның кенже ұлы, дәрігер Әділбай Медетбаев әкесін былай деп еске алады:
«Әкем соғыс туралы көп айта бермейтін. Тек “соғыстың бетін әрі қылсын, енді ондай зұлмат болмасын” деп қысқа қайыратын. Өте сабырлы, салмақты жан еді».
Қани үш ағайынды болған: әпкесі Нұржамал, ағасы Молдағали және өзі. Ағасы Молдағали да соғыс басталған жылы майданға аттанып, Жеңісті Берлинде қарсы алған. Кейін Польша мен Алматы қалаларында әскери қызмет атқарып, 1955 жылы туған жеріне оралды. Ағайындар араға жылдар салып қайта қауышып, өмірлерінің соңына дейін туған өлкеде бірге өмір сүрді.
Бүгінде олардың ұрпақтары өсіп-өніп, бір қауым елге айналды. Ел игілігі жолында еңбек етіп жүр. Алайда сол сұрапыл соғысты көзімен көрген ардагерлер қатары сиреп бара жатқаны өкінішті.
Сондықтан бүгінгі ұрпақ үшін олардың ерлігін ұмытпай, тағзым ету – азаматтық парыз.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру