«Мерейлі отбасы – 2026»: Қазалы ауданында жеңімпаздар анықталды

Azattyq-news
2 Min Read


Қазалы ауданында «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының аудандық кезеңі қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды.
Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында өткен салтанатты шарада аудан әкімі Алмасбек Есмаханов мерейлі отбасыларды құттықтап, отбасы құндылықтарын дәріптеудің маңызын атап өтті.
Биыл байқаудың аудандық кезеңіне 24 отбасы қатысқан. Нәтижесінде бас жүлде Досхожаевтар отбасына бұйырды. Әйтеке би кентінің тұрғындары Әли Досхожаев пен Салия Ахмедова 42 жылдан астам уақыт бірге ғұмыр кешіп, 4 ұл, 9 қыз тәрбиелеп өсірген. Көпбалалы ана Салия Мәдәлиқызы «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төсбелгілерімен марапатталған.
Бірінші орын Тасарық ауылдық округінен қатысқан Шахмарановтар отбасына берілді. Екінші орын Қазалы қаласының Тілеповтер отбасына, үшінші орын Майлыбас ауылдық округінің Сыдықовтар отбасына табысталды.
Сонымен қатар байқауға қатысқан отбасылар «Берекелі отбасы», «Зияткер отбасы», «Бақытты отбасы» сынды түрлі номинациялар бойынша марапатталып, сый-сияпаттарға ие болды.
Аудан әкімінің айтуынша, бүгінде Қазалы ауданында 674 «Алтын алқа» және 1187 «Күміс алқа» иегері бар. Сондай-ақ 5493 көпбалалы отбасы мемлекеттік қолдауға ие. Соңғы төрт жылда әлеуметтік осал топтағы отбасыларға 280 баспана табысталса, оның 86-сы көпбалалы отбасыларға берілген. Биыл тағы 50 пәтердің құрылысы жүргізілуде.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы елімізде 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Осы уақыт аралығында Қазалы ауданынан 200-ге жуық отбасы байқауға қатысқан. 2023 жылы Смағұловтар отбасы облыстық кезеңде бас жүлде иеленіп, республикалық кезеңде Қазақстанның үздік 20 отбасының қатарына енген.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру