Тереңөзек кентінде «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында есірткі заттарының заңсыз айналымының алдын алу, анықтау және жолын кесу бағытында кешенді профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Іс-шараның негізгі мақсаты – есірткі құрамды өсімдіктерді заңсыз өсіру фактілерінің алдын алу, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Осыған байланысты Тереңөзек кентінің аумағындағы қалың тоғайлы және адам аз баратын учаскелер тұрақты бақылауға алынып, арнайы рейдтік шаралар ұйымдастырылуда.
Жедел-профилактикалық іс-шара барысында Уступ және Шанхай учаскелік аймақтарында кең көлемді аралау жұмыстары жүргізілді. Аталған жұмыстарға аудандық учаскелік полиция инспекторы, Тереңөзек кенті әкімі аппаратының қызметкерлері және жауапты мамандар жұмылдырылып, аумақтарға жан-жақты тексеру жүргізілді.
Рейдтік іс-шаралар кезінде есірткі құрамды өсімдіктердің заңсыз өсірілуі мүмкін орындар зерделеніп, қоршаған ортаға мониторинг жасалды. Жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесінде есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру фактілері анықталған жоқ.
Мұндай профилактикалық шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. «Қарасора – 2026» іс-шарасы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Тереңөзек кенті әкімдігі тұрғындарды есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты кез келген құқық бұзушылық фактілері туралы құзырлы органдарға дер кезінде хабарлауға шақырады. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру
Пікір қалдыру
