Қызылорда полициясы күшейтілген режимге көшті

Azattyq-news
2 Min Read

Бүгін Қызылорда облысы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы алаңында гарнизондық жиын ұйымдастырылды. Маңызды іс-шараға департаменттің жеке құрамы қатысып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған алдағы міндеттер пысықталды. Жиынды Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Серік Жүрсінбайұлы Ергешов өткізді.
Жиын барысында тәртіп сақшыларының қызметтік тәртібі, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және құқық бұзушылықтардың жолын кесу мәселелері жан-жақты қаралды. Сонымен қатар демалыс күндері өңірде полиция қызметі күшейтілген режимде жұмыс істейтіні хабарланды.
Іс-шара аясында қызметтік міндетін адал атқарып, батылдық пен кәсіби шеберлік танытқан полиция қызметкерлері арнайы марапатталды. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 14 сәуірінде көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған өрт кезінде екі азаматтың өмірін сақтап қалған Патрульдік полиция батальонының қызмет аға инспекторы, полиция капитаны Қайсар Мамадалиев пен қызмет инспекторы, полиция лейтенанты Руслан Бауржанұлы Департаменттің Алғыс хатымен марапатталды.


Сондай-ақ қызмет барысында жоғары нәтижелер көрсетіп, өз міндеттерін үлгілі атқарған бірқатар қызметкерлерге де марапаттар табысталды. Бұл – полиция қатарындағы кәсібилік пен адал еңбекті ынталандырудың айқын көрінісі.
Жиын кезінде жеке құрамға қаруды қолданудың құқықтық негіздері, оны пайдалану тәртібі және қауіпсіздік талаптары кеңінен түсіндірілді. Саптық бөлімше командирлеріне қоғамдық тәртіпті сақтау мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.

Салтанатты жиын соңында жеке құрам саптық жүріспен өтіп, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша күнделікті қызметіне кірісті.
Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау – полиция қызметінің басты міндеті болып қала береді.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру