СЫРДАРИЯДА РАСУЛ ӘБУТӘЛІПҰЛЫН ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ

Azattyq-news
1 Min Read

Сырдария ауданында елге еңбегі сіңген тұлға, ауданның «Құрметті азаматы» Есенов Расул Әбутәліпұлының есімін ұлықтауға арналған қазақ күресінен республикалық турнир өз бастауын алды. Дәстүрлі жарыс 2010–2011 жылы туған жасөспірімдер арасында ұйымдастырылып отыр.

Турнир 2025 жылдың 31 қазаны мен 2 қараша аралығында Тереңөзек кентіндегі спорт кешенінде өтуде. Жарыс Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен «Qazaq kuresi» қауымдастығы бекіткен ресми ережелерге сәйкес өткізіліп жатыр.

Салтанатты ашылу рәсіміне Сырдария ауданының әкімі Сәрменбаев Берік Әбдіғаппарұлы қатысып, спортшылар мен жаттықтырушыларды жарыстың басталуымен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы Расул Әбутәліпұлының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесін атап өтіп, турнирдің жастарды спортқа баулуда және ұлттық рухты көтеруде маңызды рөл атқаратынын ерекше айтты.

Биылғы додаға еліміздің түрлі аймақтарынан келген жас балуандар қатысып, өз аймақтарының намысын қорғауда. Белдесулер 38, 42, 46, 50, 55, 60, 65, 70, 75 және +75 келі салмақ дәрежелерінде өтуде.

Жарыстың алғашқы күнінен-ақ тартысты белдесулер мен қызықты сәттерге толы сайыстар көрермен көңілінен шығып, командалар арасында жоғары деңгейдегі дайындық байқалды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің басты мақсаты – ұлттық спорт түрін дамыту, жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау және қазақ күресін кеңінен дәріптеу.

Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, дипломдармен және арнайы кубоктармен марапатталатын болады.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру