СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН АУЫЛЫНЫҢ 50 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ КЕҢІНЕН АТАП ӨТІЛДІ

Azattyq-news
3 Min Read

Сырдария ауданының тарихында өзіндік орны бар Сәкен Сейфуллин ауылы биыл 50 жылдық мерейтойын атап өтті. Ауылдың жарты ғасырлық тарихына тағзым етіп, бүгінгі жетістіктерін саралаған бұл мерекелік шара ауыл халқы үшін айрықша қуанышқа толы күн болды.

Салтанатты жиынға аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы Сәрменбаев, ауылдың ардагерлері мен құрметті азаматтары, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ ауданның түкпір-түкпірінен келген қонақтар қатысты.

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімі ауыл тұрғындарын мерейтоймен құттықтап, елді мекеннің дамуына зор үлес қосқан азаматтарға алғысын білдірді. Өз сөзінде аудан басшысы ауылдың өткен тарихы мен бүгінгі жетістіктерін атап өтіп:

«Сәкен Сейфуллин ауылы – еңбек пен бірліктің символы. Ел іргесін бекемдеп, ұрпағына өнеге қалдырған аға буынның еңбегі ұмытылмайды. Ал бүгінгі ұрпақ сол жолды лайықты жалғастырып келеді», – деді.

Мерекелік жиын барысында ауылдың өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаттары мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Тарихы тереңде жатқан ауыл

Сәкен Сейфуллин ауылының тамыры тереңде. Елді мекеннің алғашқы негізі өткен ғасырдың 30-жылдарында қаланған. Сол кезеңде «1 Май» және «Құндызды» колхоздарының іргесі біріктіріліп, кейіннен «Ленин» мен «Партияның 21 съезі» колхоздары құрылған. 1975 жылы осы шаруашылықтардың негізінде Сәкен Сейфуллин атындағы совхоз өз алдына жеке елді мекен ретінде қалыптасты.

Қасиетті топырақтан ел қорғаны болған батырлар мен сөз бастаған билер, өнер мен мәдениетке еңбегі сіңген ақын-жазушылар шыққан. Сол ұрпақтың еңбегі мен рухы бүгінгі жастарға өнеге болып келеді.

Жаңарған ауылдың жаңа келбеті

Тәуелсіздік жылдары Сәкен Сейфуллин ауылында ауқымды жұмыстар атқарылды. Заманауи талаптарға сай әкімдік ғимараты, 150 орындық мәдениет үйі, балабақша және дәрігерлік амбулатория салынды. Сондай-ақ ауыл көшелері абаттандырылып, инфрақұрылым жүйелері жаңартылды. Бұл ілгерілеу ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын айтарлықтай жақсартты.

Бүгінде ауылдың ажары айқын, тұрмысы тұрақты, жастары жалынды. Бұл – жарты ғасырлық еңбек пен бірліктің жемісі.

Айтыс — мерейтойдың ажарын ашқан мәдени шара

Мерейтой аясында Сыр өңірінің танымал ақындары қатысқан аймақтық айтыс ұйымдастырылды. Жыр додасында айтыскерлер ауылдың өткенінен өнеге, бүгінінен қуаныш іздеп, ел бірлігі мен еңбектің қадірі жайлы өлең өрді.

Ақындар ауыл еңбеккерлерінің қажырлы тіршілігін, елдің ынтымағын, туған жерге деген сүйіспеншілікті көркем тілмен жеткізді. Көрермендер ықылас танытып, айтыс нағыз рухани мерекеге айналды.

Құрмет пен тағзым елдіктің белгісі

Салтанатты іс-шара барысында ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық өмірге белсене атсалысқан азаматтар марапатқа ие болды. Ардагерлерге құрмет көрсетіліп, жастарға тағылымды сөздер айтылды.

Мерейтой соңы ауыл өнерпаздарының қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты. Ән мен күй, би мен жыр тоғысқан бұл кеш Сәкен Сейфуллин ауылының жарты ғасырлық тарихына арналған ерекше тарту болды.

Сәкен Сейфуллин ауылының 50 жылдық мерейтойы – тек бір ауылдың емес, бүкіл Сыр елінің ортақ қуанышы. Бұл мереке ауыл тарихына деген құрметтің, еңбектің қадірін бағалаудың және ұрпақтар сабақтастығын дәріптеудің жарқын көрінісіне айналды.

Сәкен Сейфуллин ауылы өткені өнеге, бүгіні берекелі, болашағы жарқын елді мекен.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру