ҚЫЗЫЛОРДА — 100 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР ҚАЛА!

Azattyq-news
2 Min Read

Астана болғанына 100 жыл және Қала күніне арналған ерекше мереке

Қызылорда қаласының астана мәртебесін иеленгеніне 100 жыл толуына және Қала күні мерекесіне орай Сыр өңірінде түрлі мәдени, спорттық және танымдық шаралар ұйымдастырылуда. Осы айтулы оқиға аясында футзалдан Қазақстан Республикасы чемпионатына қатысу үшін келген меймандарға арнап танымдық экскурсия өткізілді.

Қызылорда қалалық әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылған саяхат барысында чемпионат қонақтары аймақтың ең маңызды мәдени және тарихи нысандарында болды. Меймандар алдымен «Анаға тағзым» орталығында болып, рухани құндылықтармен танысты. Бұдан кейін «Өнер орталығында» шығармашылық әлеуеті жоғары жастардың еңбектерімен, заманауи өнер үлгілерімен танысу мүмкіндігі туды.

Сондай-ақ, делегация мүшелері Сол жағалаудағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне барып, Сыр өңірінің бай мәдени мұрасымен танысты. Танымдық сапардың соңғы нүктесі жаңадан ашылған «Қайсар Арена» футбол стадионы болды. Қала спортының жаңа символына айналған нысан қонақтар тарапынан зор қызығушылық тудырды.

Қонақтар Қызылорданың тарихи және мәдени келбетін жоғары бағалап, өңірдің серпінді дамуына оң пікірлерін білдірді. Олар Сыр елінің қонақжайлылығы мен мәдениеті терең тамыр жайған қала ретіндегі ерекшелігін атап өтті.

Қызылорда – тек тарихы бай өңір ғана емес, заманауи даму жолындағы ірі қала. Астана болғанына 100 жыл толуы – осы өңірдің ел тарихындағы айрықша орнын айғақтайтын айтулы белес. Мерейтой аясындағы шаралар қала тұрғындары мен қонақтарына ел рухын сезінуге, Сыр өңірінің мәдени байлығын танып-білуге тамаша мүмкіндік беріп отыр.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру