Жуырда Қан орталығы пайдалануға берілмек

447565063 759358063052107 6610162397689091839 n

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы құрылыс нысандарын аралап, олардың жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.

Алдымен «Қорқыт Ата» халықаралық әуежайының жаңа терминалына барды. Еске салсақ, жаңа терминал салуды «Болат Өтемұратов қоры» қаржыландырған. Жұмыстар өткен жылдың ақпанында басталды.

5 маусым күні Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен терминалдың тапсырыс берушісі «Accent Development Solutions» ЖШС арасында қабылдау-беру актісі жасалып, қол қойылды.

Жергілікті бюджеттен 4,3 млрд. теңге қаржы бөлініп, әуежайдың сыртқы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы (су, кәріз, электр және байланыс, интернет желілері, бу қазандығы мен КНС) жеткізілді. Бүгінде «Сәт-Сервис» ЖШС әуежай аумағын абаттандыруды, сыртқы кәріз желісін жүргізуді аяқтады, орындықтар орнатылды, асфальт жабыны және тас төселді. Ағаш егу және көгалдандыру жұмыстары жалғасуда. «Иман» ЖШС 480 метрлік төрт жолақты автокөлік жолының екі қабат асфальт жабынын және тас (брусчатка) төседі. Жарық шамдары орнатылып, көгалдандыру қарқын алған. Бұл жұмыстар маусым айының ортасында толық аяқталатын болады. Жаңа терминал халықаралық стандартқа сай. Жолаушыларға қызмет көрсету үшін барлық жағдай қарастырылған.

Аймақ басшысы қаланың әуе қақпасының тазалығы мен көркемдігіне баса назар аударуды, барлық жұмысты сапалы әрі уақытылы жүргізуді тапсырды.

Әрі қарай Нұрлыбек Машбекұлы сол жағалаудағы нысандардың құрылыс барысын көрді. Бұл аумақта мектеп, Оқушылар үйі, теннис орталығы секілді бірқатар нысан бой көтермек. Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 12 300 орынға арналған 21 мектеп салу жоспарланған. Былтыр 6900 орындық 10 мектептің құрылысы басталса, биыл 5400 орындық 11 мектеп құрылысы қолға алынады деп күтілуде. Бұдан бөлек, қалада 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернатының құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Жуырда 350 орынға арналған заманауи үлгідегі Оқушылар сарайы бой көтере бастады. Нысан «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен салынуда. Сондай-ақ, Сырдарияның сол жағалауында үстел теннисі орталығының, орталық стадионның құрылысы басталды.

Сәуір айында «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен 650 орындық заманауи үлгідегі музыкалық колледж ғимаратының іргетасы қаланды. Үш қабатты ғимарат құрылысы тамыз айында аяқталады деп жоспарлануда. Жобаның жалпы құны 4,8 млрд теңге, бас мердігер – «Интегрострой» ЖШС.

Қан орталығының құрылысы бітуге жақын, нысан жуырда пайдалануға берілмек. Орталық жылына 5000-10000 адамға қызмет көрсетеді.

Аймақ басшысы қала әкімі Серік Қожаниязов пен жауапты басқарма басшыларына барлық нысандағы құрылыс жұмыстарының сапасын тұрақты қадағалауды тапсырды.

Бөлісу:

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

АЙДАРЛАР

Басқа да мақалалар