Арал ауданындағы №64 орта мектебі сапалы біліммен қатар, озық жобаларын сәтті ұштастырған үлгілі білім ордасы ретінде көпке танылған. Аталмыш мектеп «Жасыл бақ» жобасын жүзеге асырып, оқушылар жылыжай ісін жандандырып келеді, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Бұл жобаның басты ерекшелігі – күзгі және қысқы мезгілде де табиғи таза өнім алуға болады. Сонымен қатар, мұнда тамшылатып суару әдісі арқылы көкөністің бірнеше түрі өсіріледі. Оқушылар мен мектеп ұстаздарының еңселі еңбегінің нәтижесінде жылыжайда бүгінге дейін 90 кг қияр, 15 кг қызанақ өнімі алынды. Ал қазіргі таңда жылыжайда 165 түп қияр егіліп, оқушылардың қатысуымен арнайы күтім жасалуда.
-Біздің мектеп 2014 жылы жаңа типтік жобада пайдалануға берілген болатын. Қазіргі таңда 24 сынып жиынтығында 406 оқушы білім алуда. 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап облыстық білім басқармасының қолдауымен «Жасыл бақ» жобасын қолға алдық. Осылайша 2023 жылдың қыркүйек айында 12х6 метр көлемінде жылыжайымыз ашылған болатын. Мектеп жылыжайының басты мақсаты – мектеп оқушыларын сапалы көкеніспен қамтамасыз ету және білім алушыларды экомәдениет пен қоршаған ортаны қорғауға баулу болып табылады, – деді МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ КЕНЖЕБЕК ТЛЕПОВ.
Жылыжай өсіруде белсенділік танытып жүрген оқушының бірі – Ақнұр Талғатқызы табиғи өнім өндіруді ерекше жақсы көреді.
Ол жетекшісімен бірге осы жылыжайда әртүрлі көкөністер егіп, күнделікті күтім жасауды әдетке айналдырған. Соның арқасында жылыжай өнімдері сапалы әрі денсаулыққа пайдалы өнімге айналды.
-Бүгінде жылыжай ісін жандандыру үшін көптеген сынама алудамыз. Сондай-ақ, қияр, қызанақтан бөлек басқа да көкөніс түрлерін өсіруді қолға алмақпыз. Менімен бірге жылыжай өсіргісі келетін оқушылар қатары да артып келеді. Алдағы уақытта осы жылыжайды одан әрі дамыту үшін көптеген биологиялық технологияларды пайдалануды жоспарлап отырмыз, – деді ОҚУШЫ АҚНҰР ТАЛҒАТҚЫЗЫ.