Баспасөз орталығында өткен брифингте қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаева І жартыжылдықта атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
— Жалпы, бөлім арқылы 16 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі, оның 13-і әлеуметтік төлемдер. Мәселен, бүгінде 2893 отбасыға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек ай сайын төленуде. Сондай-ақ, жекелеген санаттағы азаматтар бойынша 1923 адамға әлеуметтік көмек төленді, – деді Кенжегүл Құрақбайқызы.
Айта кету керек, 186 жалғыз басты бөгде адамның көмегіне мұқтаж қартқа, 270 мүгедектігі бар балаға, 82 белгілі тұрғылықты жері жоқ адамға, күндізгі жартылай стационарлық жағдайда 276 ардагерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіліп келеді. Сонымен қатар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар ішінен 359 адамға құқықтық, психологиялық көмектер көрсетілді.