Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Қызылорда облысы полиция департаменті басшылығының тапсырмаларына сәйкес, Полиция департаментінің Күзет қызметін бақылау бөлімінің қызметкерлері жеке күзет ұйымдарына профилактикалық бақылау жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында уран өндіру кен орындарында орналасқан нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жеке күзет ұйымдары қызметкерлерінің заң талаптарын сақтау деңгейі тексерілді. Сондай-ақ нысандар мен олардың аумағында құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу, қоғамдық және объектілік қауіпсіздікті күшейту бағытында түсіндіру және бақылау жұмыстары ұйымдастырылды.
Ерекше назар террористік тұрғыдан осал объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне аударылды. Осыған байланысты жеке күзет ұйымдарына құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды күшейту, қауіпсіздік шараларын бірлесіп жүзеге асыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Кездесулер барысында күзет қызметкерлеріне күзетілетін нысандар мен оған іргелес аумақтарда қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, күдікті жағдайларға жедел әрекет ету, құқық қорғау органдарына уақытылы хабарлау және ақпарат алмасу тәртібі түсіндірілді. Сонымен қатар қызмет атқару кезінде күдікті заттарға, иесіз қалдырылған бұйымдарға және күмән тудыратын тұлғаларға ерекше назар аударып, қырағылық таныту қажеттігі ескертілді.
Профилактикалық іс-шара аясында жұмыс кездесуі ұйымдастырылып, оған Полиция департаментінің Күзет қызметін бақылау бөлімінің қызметкерлері, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің өкілдері, сондай-ақ нысандардың ішкі қауіпсіздік қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында жеке күзет ұйымдарының басшылары мен күзетшілеріне төтенше жағдайлардың алдын алу, терроризм актісі орын алған жағдайда алғашқы әрекет ету алгоритмі, күзет субъектілерінің міндеттері мен іс-қимыл тәртібі түсіндірілді. Сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған заманауи техникалық және арнайы құралдарды тиімді пайдалану жөнінде нұсқаулықтар берілді.
Алдағы уақытта да жеке күзет қызметінің сапасы мен тиімділігін арттыру, нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жоспарлы түрде жалғасын табатын болады.
Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру
Пікір қалдыру
