Қызылорда облысы Полиция департаментінде 2026 жылдың алғашқы алты айындағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңнің басым бағыттары белгіленді. Департамент бастығы, полиция полковнигі Серік Жүрсінбайұлы Ергешовтің төрағалығымен өткен Жедел кеңеске Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Кәрімұлы Ожаров, департаменттің басқарма және бөлім басшылары, сондай-ақ жеке құрам қатысты.
Жедел кеңестің күн тәртібінде өңірдегі криминогендік ахуал жан-жақты сараланып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелері кеңінен талқыланды.
Жартыжылдық қорытындысы көрсеткендей, қабылданған кешенді профилактикалық іс-шаралар өңірдегі құқықтық тәртіпті нығайтуға оң әсерін тигізді. Нәтижесінде жалпы қылмыс деңгейінің төмендеуі қамтамасыз етіліп, бірқатар қылмыс түрлері бойынша азаю көрсеткіші тіркелді. Сонымен қатар қылмыстарды ашу деңгейі жақсарып, полиция қызметінің тиімділігі арта түсті.
Кеңесте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарға ерекше назар аударылды. Тұрғындардың тыныштығын сақтау, қоғамдық орындардағы құқықтық тәртіпті күшейту, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау бағытындағы жұмыстар да оң нәтижесін беріп, жауапты бөлімдердің қызметі жоғары бағаланды.
Кеңес барысында полиция полковнигі Серік Жүрсінбайұлы Ергешов Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және тәртіп» қағидаты құқық қорғау органдары қызметінің негізгі бағдары екенін атап өтті. Ол құқық бұзушылықтың алдын алу – қылмыспен күрестегі ең тиімді тетік екенін айтып, полиция қызметкерлеріне азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру бағытындағы жұмысты одан әрі күшейтуді тапсырды.
Сондай-ақ жиында қазіргі таңда қоғам үшін өзекті саналатын бірнеше маңызды бағыт жан-жақты қаралды. Атап айтқанда, киберқылмысқа қарсы іс-қимылды күшейту, интернет алаяқтықтарының алдын алу, есірткі қылмысына қарсы күрес, жастар мен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың профилактикасы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қызметтік тәртіп пен заңдылықты сақтау мәселелері бойынша нақты міндеттер жүктелді.
Қазіргі заман талаптарына сай полиция қызметін цифрландыру жұмыстарының маңыздылығы да кеңінен сөз болды. Азаматтарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен ашықтығын арттыру, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану, халықпен кері байланысты нығайту және қоғамды шынайы әрі жедел ақпараттандыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі айтылды.
Жедел кеңес барысында әрбір құрылымдық бөлімшенің қызметіне талдау жасалып, қол жеткізілген нәтижелермен қатар жұмысты жетілдіруді қажет ететін бағыттар да сараланды. Басшыларға құқық қорғау қызметінің сапасын арттыру, профилактикалық жұмыстардың тиімділігін күшейту және азаматтардың өтініштеріне жедел әрі сапалы ден қою бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Кеңес қорытындысында Департамент бастығы алдағы кезеңнің негізгі басымдықтарын айқындап, берілген тапсырмалардың сапалы әрі уақытылы орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді. Сонымен бірге әрбір полиция қызметкері халықтың қауіпсіздігі мен құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етуде кәсіби жауапкершілік танытып, адалдық, заңдылық және әділдік қағидаттарын басшылыққа алуы тиіс екенін атап өтті.
Қызылорда облысы Полиция департаменті алдағы уақытта да қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыспен күресті күшейту және халықпен ашық әрі тиімді өзара іс-қимылды дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек. Бұл – өңірдегі тұрақтылықты сақтаудың, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіз өмір сүруінің маңызды кепілі.
Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру
Пікір қалдыру
