«Заң сөйлейді»: Жолдағы тәртіп пен қауіпсіздік

Azattyq-news
3 Min Read

Жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау – қоғамның әрбір мүшесіне ортақ жауапкершілік. Жолдағы тәртіптің сақталуы жүргізушілердің ғана емес, жаяу жүргіншілердің де мұқияттылығына, жол ережелерін білуі мен талаптарын орындауына тікелей байланысты.

Осы маңызды мәселелерді кеңінен түсіндіру мақсатында Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметі мен полиция жұмысының негізгі бағыттарын көпшілікке таныстыратын «Полицейдің күнделігі» айдары аясындағы «Заң сөйлейді» подкастының кезекті шығарылымы жол қозғалысы қауіпсіздігі тақырыбына арналды.

Подкасттың бұл шығарылымында жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыру мәселелері кеңінен сөз болды.

Кезекті шығарылымның спикері – Қызылорда облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Манатов Мұратбек Мейрамбекұлы.

Сұхбат барысында маман жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында полиция тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, өңірдегі жол қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелер жөнінде түсініктеме берді.

Әңгіме барысында ең алдымен жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жолдағы тәртібі, олардың құқықтары мен міндеттері, жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттілігі және қарапайым қауіпсіздік талаптарын елемеудің салдары туралы айтылды.

Сонымен қатар жүргізушілердің белгіленген жылдамдық режимін сақтауы, жол жағдайына қарай жылдамдықты дұрыс таңдауы, қауіпсіз арақашықтықты ұстануы және көлік құралын басқару кезінде барынша мұқият болуының маңызы түсіндірілді.

Подкастта соңғы уақытта жиі талқыланатын автокөлік кортеждеріне қатысты талаптар да назардан тыс қалмады. Көлік құралдарының ұйымдасқан түрде қозғалысы кезінде сақталуы тиіс тәртіп пен жол қозғалысының басқа да қатысушылары үшін туындайтын қауіпсіздік талаптары жөнінде түсініктеме берілді.

Бұдан бөлек, жол қозғалысын автоматты түрде бақылау жүйелерінің жұмысы, олардың негізгі міндеттері және жол ережелерін бұзу фактілерін анықтаудағы рөлі туралы ақпарат ұсынылды. Жүргізушілер арасында жиі кездесетін сұрақтарға жауап беріліп, автоматты бақылау жүйелері арқылы тіркелетін құқық бұзушылықтарға қатысты түсініктер берілді.

Сұхбат барысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесіне де ерекше мән берілді. Полиция қызметкерлерінің жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүргізіп жатқан профилактикалық жұмыстары, жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу шаралары және тұрғындар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру бағытындағы жұмыстар туралы айтылды.

Маман сондай-ақ жол ережелерін бұзған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес көзделетін жауапкершілікке тоқталып, әрбір жүргізуші мен жаяу жүргіншінің өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауы қажеттігін атап өтті.

Жолдағы қауіпсіздік – тек полицияның немесе белгілі бір қызметтің ғана міндеті емес. Бұл – жүргізуші, жаяу жүргінші және жол қозғалысына қатысатын әрбір азамат ұстануы тиіс ортақ қағида. Бір ғана ережені сақтамау адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан жол қозғалысы ережелерін сақтау – ең алдымен өзіміздің және айналамыздағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

«Заң сөйлейді» подкастының басты мақсаты – заң талаптарын халыққа түсінікті тілде жеткізу, құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғам үшін маңызды мәселелер бойынша сала мамандарының пікірін ұсыну.

Алдағы уақытта да подкаст аясында заң мен тәртіпке, қоғамдық қауіпсіздікке, азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты өзекті тақырыптар қамтылып, сала мамандарымен мазмұнды сұхбаттар ұсынылатын болады.

Жолдағы тәртіп – ортақ жауапкершілік. Ережені сақтау – қауіпсіздіктің басты кепілі.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру