Қызылорда қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осы мақсатта Қызылорда қаласы Полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөліміне қарасты Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің инспекторлары мен учаскелік полиция инспекторлары бірлескен профилактикалық іс-шара өткізді.
Аталған іс-шара аясында «қорғау нұсқамасы» санатында есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайлары тексерілді. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрмыстық жанжалдардың ушығуына жол бермеу және зорлық-зомбылық деректерін дер кезінде анықтау.
Тексеру барысында полиция қызметкерлері азаматтармен жеке профилактикалық әңгімелесулер жүргізіп, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндірді. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдары, заң алдындағы жауапкершілік және мұндай жағдайлардың алдын алу жолдары кеңінен түсіндірілді. Қажет болған жағдайда тұрғындарға құқықтық кеңестер беріліп, тиісті көмек көрсетілді.
Мұндай шаралар қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, отбасылық құндылықтарды нығайту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында маңызды рөл атқарады. Полиция қызметкерлері бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыратынын атап өтті.
Құрметті қала тұрғындары!
Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне куә болсаңыз немесе өзіңіз осындай жағдайға тап болсаңыз, дереу 102 нөміріне хабарласуыңызды сұраймыз. Уақтылы хабар беру – құқық бұзушылықтың алдын алып, адам өмірін сақтап қалуға ықпал етеді.
Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру
Пікір қалдыру
