Қызылордада полиция қызметкерлерінің қызметке дайындығы тексерілді

Azattyq-news
1 Min Read

Қызылорда қалалық Полиция басқармасының алаңында дәстүрлі апталық саптық жиын өтіп, жеке құрамның қызмет атқаруға дайындығы жан-жақты тексерілді. Әр аптаның дүйсенбі күні ұйымдастырылатын бұл шара тәртіп пен қызметтік жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.
Бүгінгі саптық жиынды басқарма бастығының орынбасары, полиция майоры Садыбеков Мақсат Тұрымханұлы жүргізді. Жиын барысында полиция қызметкерлерінің нысандық киім үлгілерінің талапқа сәйкестігі, қызметтік куәліктері мен жетондарының болуы, сондай-ақ сыртқы келбеті мен саптық тәртібі мұқият тексерілді.
Іс-шара барысында саптық жарғы талаптарын қатаң сақтау, саптық дайындық деңгейін арттыру, жеке құрам арасындағы тәртіп пен жауапкершілікті күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Басшылық тарапынан қатардағы және басшы құрам қызметкерлеріне қызметтік киім үлгісін белгіленген талаптарға сай ұстау, ішкі тәртіп ережелерін мүлтіксіз орындау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Мұндай саптық жиындар полиция қызметкерлерінің тәртіп деңгейін нығайтып қана қоймай, олардың күнделікті қызметке жоғары дайындықпен кірісуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жеке құрамның бірлігі мен ұйымшылдығын арттыруда маңызды рөл атқарады.
Жиын соңында тәртіп сақшылары салтанатты маршпен сап түзеп өтіп, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы күнделікті қызметтеріне кірісті.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру