Қызылордада оқушыларға құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Azattyq-news
2 Min Read

Қызылорда қаласында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында маңызды профилактикалық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға Қызылорда қаласы Полиция басқармасының Қоғамдық қауіпсіздік бөліміне қарасты Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің қызметкерлері мен ювеналды полиция инспекторлары қатысып, №23 мектеп-лицейінің жоғары сынып оқушыларымен кездесті.
Кездесу барысында мамандар оқушыларға қоғамда жиі кездесетін өзекті мәселелер жөнінде жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, ерте жүктіліктің алдын алу, жасөспірімдер денсаулығы мен жауапкершілігі, буллинг пен кибербуллингтің психологиялық және құқықтық салдары, интернет желісіндегі алаяқтық әрекеттерден сақтану жолдары туралы кеңінен айтылды. Сонымен қатар, оқушыларға әлеуметтік желілерді қауіпсіз пайдалану, жеке мәліметтерді қорғау, күмәнді сілтемелер мен жалған хабарламаларға сенбеу қажеттігі ескертілді.
Іс-шара аясында құқықтық сауаттылықты арттыруға ерекше назар аударылып, жасөспірімдерге заң талаптарын сақтау, қоғамдық орындардағы тәртіп нормаларын бұзбау, құқық бұзушылықтың кез келген түрінің жауапкершілікке әкелетіні түсіндірілді. Сондай-ақ қазіргі таңда қоғамда өзекті мәселелердің бірі саналатын сталкинг, яғни адамның еркінен тыс аңду, мазалау, қудалау әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгені жөнінде айтылып, заң талаптары таныстырылды.
Шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың қауіпсіз ортада білім алып, тәртіпке бағынатын саналы азамат болып қалыптасуына ықпал ету, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін дер кезінде анықтап, алдын алу болып табылады. Осындай кездесулер жас буынның құқықтық мәдениетін қалыптастырып, олардың өмірлік ұстанымына оң әсерін тигізеді.
Қызылорда қаласы Полиция басқармасы қала тұрғындарын тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері анықталған жағдайда бейжай қалмай, дереу «102» арнасына хабарлауға шақырады. Заң мен тәртіпті сақтау – баршамызға ортақ міндет.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру