Қызылорда облысында білім беру мекемелерінің қауіпсіздігін күшейту мақсатында күзет қызметтерінің дайындығына кешенді тексеру жүргізілді. Жоспарлы бақылау шарасын Қызылорда облысы Полиция департаментінің Күзет қызметін бақылау бөлімінің қызметкерлері ұйымдастырды.
Негізгі мақсат – мектептер, колледждер мен өзге де білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыру, сондай-ақ нысандарда қызмет атқарып жүрген жеке күзет ұйымдарының жедел әрекет ету қабілетін бағалау. Осыған байланысты тәртіп сақшылары бірнеше білім беру мекемесінде тәжірибелік сынақ өткізіп, орнатылған дабыл түймелерінің жұмысын тексерді.
Тексеру барысында дабыл белгісі қосылған сәттен бастап жедел ден қою топтарының оқиға орнына жету уақыты есепке алынды. Сонымен қатар, олардың әрекет ету алгоритмдері, нысан аумағына кіру тәртібі, қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру деңгейі және шартты төтенше жағдай кезіндегі үйлесімді жұмысы жан-жақты сараланды.
Полиция қызметкерлері күзетшілердің кәсіби даярлығына да ерекше назар аударды. Атап айтқанда, төтенше жағдайда жедел шешім қабылдау қабілеті, адамдарды қауіпсіз аймаққа бағыттау, құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасау және ішкі тәртіпті сақтау дағдылары тексерілді.
Мамандардың айтуынша, мұндай алдын алу шаралары оқу орындарындағы ықтимал қауіп-қатерлерді ерте анықтап, олардың алдын алуға мүмкіндік береді. Себебі білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік – қоғам үшін аса маңызды мәселелердің бірі. Оқушылар мен педагогтердің тыныштығы мен қорғалуын қамтамасыз ету – мемлекеттік органдар мен күзет құрылымдарының ортақ міндеті.
Осыған байланысты өңірде жеке күзет ұйымдарының қызмет сапасын арттыру, материалдық-техникалық базасын нығайту және мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіру бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда болады.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған мұндай тексерулер алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру
Пікір қалдыру
