Қызылордада алаяқтықтың алдын алу мақсатында ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Azattyq-news
1 Min Read

Қызылорда облысында тұрғындардың қаржылық қауіпсіздігін арттыру және интернет пен телефон арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстарының алдын алу бағытында кезекті профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шараны Қызылорда облысы Полиция департаментінің Күзет қызметін бақылау бөлімінің қызметкерлері жеке күзет ұйымдарының өкілдерімен бірлесіп өткізді.
Түсіндіру жұмыстары қала тұрғындары көп шоғырланатын «Aray City Mall» ойын-сауық және сауда орталығында өтті. Іс-шара барысында азаматтарға алаяқтардың жиі қолданатын айла-тәсілдері, жалған қоңыраулар мен күмәнді хабарламаларға алданбау жолдары, сондай-ақ банк карталары мен жеке деректерді қорғау тәсілдері жан-жақты түсіндірілді.
Сонымен қатар, мамандар төлем терминалдары арқылы белгісіз тұлғалардың есепшоттарына қаражат аудару фактілерінің жиілеп кеткенін атап өтіп, мұндай жағдайларда барынша мұқият болуға шақырды. Тұрғындарға арнайы жадынамалар таратылып, онда алаяқтықтан сақтанудың негізгі ережелері көрсетілді.
Полиция қызметкерлері азаматтарға бейтаныс адамдардың өтінішімен ақша аудармау, құпия кодтар мен SMS арқылы келетін растау нөмірлерін ешкімге айтпау, күмән тудыратын сілтемелерге өтпеу және кез келген күмәнді әрекет туралы дереу құқық қорғау органдарына хабарлау қажеттігін ескертті.
Мұндай профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. Қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу – барша қоғамға ортақ міндет.
Мамандардың айтуынша, алаяқтықтан қорғанудың ең тиімді жолы – қырағылық танытып, сақтық шараларын қатаң сақтау.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру