Қызылордада 10 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Azattyq-news
2 Min Read

Қызылорда облысында демалыс күндері қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың қауіпсіздігініі қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеді. Іс-шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық орындардағы тәртіпті бақылауды күшейтуге бағытталды.

Облыстық полицияның кешенді күштері мен патрульдік жасақтары көшелерде, саябақтарда, халық көп жиналатын қоғамдық орындарда, сондай-ақ кафе мен мейрамханалар маңында қызметтерін күшейтті. Тәртіп сақшылары тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізді.

Жүргізілген рейдтік және профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасында бірқатар құқық бұзушылықтар анықталды. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 132-бабының 2-бөлігі мен 442-бабы талаптарын бұзған 107 жасөспірім есепке алынып, олардың заңды өкілдеріне әкімшілік хаттамалар рәсімделді.

Сонымен қатар, ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес балаларды тәрбиелеу, олардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамаған 10 ата-анаға немесе заңды өкілге қатысты әкімшілік материалдар толтырылды. Полиция қызметкерлері ата-аналардың бала тәрбиесіне жауапкершілігі құқық бұзушылықтардың алдын алуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да кешенді рейдтік шаралар ұйымдастырылды. Нәтижесінде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілер анықталып, олардың әрекеттеріне заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қолданылды. Полицейлер жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және өзге жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Құқық қорғау органдары мұндай профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын жеткізді. Негізгі мақсат – қоғамдық тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және өңір тұрғындары үшін қауіпсіз орта қалыптастыру.

Полиция департаменті азаматтарды заң талаптарын сақтауға, қоғамдық тәртіпке бейжай қарамауға және құқық бұзушылықтың куәсі болған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру