Қызылорда қалалық прокуратурасының ұйымдастыруымен балалардың жазғы демалыс лагерінде «Мен құқығымды білемін, заңды сақтаймын» атты профилактикалық іс-шара өткізілді. Аталған шара «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы, «Қызылорда – қауіпсіз қала» жол картасы, сондай-ақ «Айқын нәтиже» және «Саналы ұрпақ» жобалары аясында ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың құқықтары мен міндеттері туралы жан-жақты ақпарат беру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Сонымен қатар, балалар арасында заңға құрмет пен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында прокуратура өкілдері кәмелетке толмағандардың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құқықтары мен міндеттері туралы кеңінен түсіндіріп, жасөспірімдердің қоғамдағы жауапкершілігіне тоқталды. Балаларға интернет қауіпсіздігі, буллингтің алдын алу, қоғамдық орындардағы тәртіп ережелері, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың салдары жөнінде маңызды мәліметтер берілді.
Іс-шара аясында қатысушылармен еркін форматта ашық диалог ұйымдастырылып, балалар өздерін қызықтырған құқықтық мәселелер бойынша сұрақтарын қойды. Мамандар тарапынан әрбір сауалға жан-жақты әрі түсінікті жауаптар беріліп, құқықтық нормаларды күнделікті өмірде қолданудың маңыздылығы түсіндірілді.
Мұндай кездесулер өскелең ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастырумен қатар, олардың заң талаптарын құрметтеп, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуіне оң әсер етеді. Сондай-ақ, балалардың өз құқықтарын біліп қана қоймай, өз міндеттерін де терең түсінуіне мүмкіндік береді.
Қызылорда қалалық прокуратурасы жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық мәдениетті нығайту бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра бермек. Өйткені заңды құрметтейтін, құқықтық сауаты жоғары ұрпақ тәрбиелеу – қауіпсіз әрі саналы қоғам қалыптастырудың басты кепілі.
Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру
Пікір қалдыру
