Қызылорда полицейлері мектеп оқушыларына қауіпсіздік ережелерін түсіндірді

Azattyq-news
2 Min Read

Қызылордада жасөспірімдер қауіпсіздігіне бағытталған профилактикалық жұмыстар күшейтілуде. Қала Полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері интернет алаяқтық, буллинг, ұрлық және сталкингтің алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарында кең көлемді түсіндіру шараларын өткізуде.
Осындай кезекті кездесу Қызылорда қаласындағы Әли Мүсілімұлы атындағы №101 мектеп-лицейінде ұйымдастырылды. Іс-шара барысында тәртіп сақшылары оқушылармен ашық пікір алмасып, қазіргі таңда жиі кездесетін құқықбұзушылық түрлері мен олардың салдары жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Кездесу кезінде полицейлер интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік мәселесіне ерекше тоқталды. Оқушыларға күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз тұлғаларға жеке деректерін жолдамау, әлеуметтік желілерде сақтық шараларын сақтау қажеттігі түсіндірілді. Сонымен қатар, интернет алаяқтарының әрекет ету тәсілдері мысалдар арқылы баяндалып, олардың құрбаны болмаудың жолдары айтылды.
Бұдан бөлек, жиын барысында буллинг пен кибербуллинг мәселесі де кеңінен қозғалды. Құқық қорғау органдарының өкілдері мұндай әрекеттердің психологиялық зияны зор екенін атап өтіп, заң аясындағы жауапкершілік туралы ескертті. Оқушыларға өзара сыйластықты сақтау, өзгелердің ар-намысына тимеу және даулы жағдайларды бейбіт жолмен шешу маңызды екені жеткізілді.
Сондай-ақ жасөспірімдер арасында ұрлық пен сталкингтің алдын алу бағытында да түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Полицейлер қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, бөтеннің мүлкіне қол сұқпау, жеке қауіпсіздікке мұқият қарау жөнінде кеңес берді.
Кездесу соңында тәртіп сақшылары оқушыларды құқықбұзушылықтан аулақ болуға, кез келген күмәнді жағдай туындаса ата-аналарына, ұстаздарына немесе құқық қорғау органдарына жедел хабарласуға шақырды.
Мамандардың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған мұндай профилактикалық шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру