Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның бірлескен отырысы өтті. Жиынға құқық қорғау органдарының, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, жауапты мекемелердің өкілдері қатысып, өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құқықтық тәртіпті нығайтуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Отырыс барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, масаң күйде жасалатын құқықбұзушылықтардың жолын кесу, қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті күшейту, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері сараланды. Сонымен қатар құқық бұзушылықтың алдын алу тетіктерін жетілдіру және профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жиынға қатысқан облыстық Полиция департаментінің басшысы өңірде Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыру бағытында кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, құқық бұзушылықтардың алдын алу – полиция қызметінің басым бағыттарының бірі. Осыған байланысты құқық қорғау органдары жергілікті атқарушы органдармен және басқа да мүдделі мекемелермен бірлесіп, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған кешенді іс-шараларды тұрақты ұйымдастыруда.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу болды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігі жан-жақты сараланып, зорлық-зомбылық фактілеріне жол бермеу мақсатында профилактикалық шаралардың күшейтілгені айтылды. Сондай-ақ тұрмыстық жанжалдардың туындау себептерін дер кезінде анықтау, қауіп-қатер тобындағы отбасылармен жүйелі жұмыс жүргізу, жәбірленушілердің құқықтарын қорғау және оларға қажетті құқықтық әрі әлеуметтік көмекті жедел көрсету мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиын барысында учаскелік полиция инспекторларының қызметіне де ерекше назар аударылды. Олар құқық бұзушылықтың алдын алуда тұрғындармен тікелей жұмыс жүргізетін негізгі буын екені айтылып, жергілікті атқарушы органдармен, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау мекемелерімен өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың маңыздылығы атап өтілді.
Сонымен қатар облыс көлемінде құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын түсіндіру және тұрғындардың құқықтық жауапкершілігін арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатқаны жеткізілді. Мұндай профилактикалық шаралар қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтып, құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге оң ықпал ететіні айтылды.
Отырысты қорытындылаған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтерудің маңыздылығына тоқталды. Аймақ басшысы жауапты мемлекеттік органдарға профилактикалық іс-шаралардың тиімділігін арттыру, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша нақты әрі нәтижелі жұмыстарды жалғастыру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
