Қызылорда облысында Ғазиз Байтасов атындағы «Жас жол инспекторларының» ХХІ республикалық слетінің ауданаралық кезеңі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жасөспірімдердің білімін, ептілігі мен патриоттық рухын шыңдаған тағылымды шараға айналды.
«Тәртіп бар жерде – қауіпсіздік бар», «Жолда жүру ережесін сақтаған – өмірін сақтаған» демекші, өскелең ұрпақ арасында жол қозғалысы қауіпсіздігін насихаттау, құқықтық мәдениетті қалыптастыру – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта өткен байқауға облыстың 7 ауданынан 7 команда қатысып, өзара бақ сынады.
Салтанатты шараның ашылу рәсіміне Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Е.Абдраманов қатысып, жас жол инспекторларының қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде:
– Жол қауіпсіздігі – баршаға ортақ жауапкершілік. Осындай тәрбиелік мәні зор шаралар жасөспірімдердің санасына қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, жауапкершілігін арттырады. Бүгінгі жас инспекторлар – ертеңгі ел тірегі, – деп атап өтті. Сонымен қатар қатысушыларға сәттілік тілеп, білім мен шеберлік сындарында жоғары нәтиже көрсетуге шақырды.
Ауданаралық слет барысында қатысушылар бірнеше кезең бойынша сынға түсті.
Атап айтқанда, үгіт-насихат бағытындағы көріністер арқылы жол қауіпсіздігін сақтау мәдениетін сахналық қойылымдармен насихаттап, шығармашылық қабілеттерін көрсетті.
Сонымен бірге жол жүрісі қағидалары бойынша тест тапсырмаларын орындап, эрудиттік әрі логикалық сұрақтарға жауап берді.
«Жас санитар» кезеңінде алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша теориялық және тәжірибелік тапсырмалар орындалса, «Жас реттеуші» кезеңінде жол қозғалысын реттеу машықтары сараланды. Сондай-ақ велосипедті мәнерлеп жүргізу сайысында қатысушылар өздерінің шапшаңдығы мен кәсіби дайындығын байқатты.
Слет барысында жас инспекторлар тек білімдерімен ғана емес, ұйымшылдығы, тәртіпке деген құрметі және белсенді азаматтық ұстанымымен ерекшеленді. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» дегендей, қатысушылар қауіпсіздік саласындағы білімдерінің жоғары екенін дәлелдеді.
Байқау қорытындысы бойынша:
І орын — Байқоңыр қаласының командасы,
ІІ орын — Сырдария ауданының командасы,
ІІІ орын — Қазалы ауданының командасы иеленді.
Жеңімпаздар мен барлық қатысушылар арнайы дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Осындай тәрбиелік маңызы зор шаралар жас ұрпақтың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, олардың ел қауіпсіздігіне деген жауапкершілігін күшейтеді. Себебі қауіпсіз қоғам – саналы ұрпақтан басталады.
