Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Сырдария өзеніндегі су деңгейі туралы айтылып, облыстағы су тасқынының алдын алу шаралары сөз болды, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Қазіргі таңда Сырдария өзеніндегі су деңгейі тұрақты. Сала мамандарының айтуынша, облыс аумағында су тасқынынан қауіп жоқ. Дегенмен, қазіргі су жағдайы салаға жауаптылардың күнделікті бақылауында.
– Бүгінде Шардарадан жоғары орналасқан су қоймаларындағы жинақталған судың көлемі – 12,205 млрд текше метрді құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда – 812 млн метр кубқа кем. Шардара су қоймасындағы су көлемі 4 749 млн метр куб болса, қоймаға түсіп жатқан су көлемі секундына – 414 метр куб, ал төменге тасталып жатқан су көлемі секундына – 300 метр куб болып отыр. Сонымен қатар, Көксарай су реттегішіндегі су көлемі – 1 497,11 млн метр кубты құрап отыр. Қазіргі таңда Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінің жұмыс кестесі бақылауға алынды. Жергілікті атқарушы органдар мен су шаруашылық ұйымдары бірлесіп, Сырдария өзеніндегі су деңгейіне күнделікті мониторинг жұмыстарын жүргізуде, – деді АРАЛ-СЫРДАРИЯ БАССЕЙНДІК ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ ҚАЙРАТБЕК СӘРСЕНБАЕВ.
– Облыс аумағында 6 су қоймасы бар. Оның бесеуі Жаңақорған ауданында болса, біреуі Аралда орналасқан. Бұл су қоймаларының екеуі, яғни Бесарық пен Жиделі су қоймасы республикалық меншікке тиесілі болса, үшеуі (Қыраш, Манап, Көлтоған) облыстық коммуналдық меншікте, ал, Құмсай су қоймасы Арал аудандық коммуналдық меншігіне кіреді. Бүгінде су қоймалары жеткілікті түрде сумен толтырылған. Барлық су қоймайларында су тасу қаупі жоқ. Біз су жағдайын күнделікті бақылауда ұстайтын боламыз, – деді ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ ҚАЙРАТ ЖАНСҰЛТАНҰЛЫ.
–Облыс аумағындағы Сырдария өзенінде мұз толық ұстасты. Мұздың орташа қалыңдығы 15-30 см аралығын құрады. Ал, биыл облыс ауағында ауа райының жылы болуы себебінен 1 наурыздан 20 наурыз дейін Сырдария өзені мұздан толық тазарды. Өзенде сең жүру кезінде су деңгейінің төмендігі, ұстасқан мұздың қалыңдығы өткен жылмен салыстырғанда 1,5-2,0 есеге дейін жұқа болды. Сол себепті де су шаруашылығы нысандарына және елді мекендерге қауіп төнген жоқ. Қазіргі таңда Қызылорда облысы аумағында су тасқынынан қауіп жоқ. Ахуал тұрақты. Бүгінгі күні егістікке су алу науқанының жақындауына байланысты филиал тарапынан жерге дән себілгенге дейін шабындық жайылымдықтарды суландыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, – деді «ҚАЗСУШАР» РМК ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ АЙДОС АСАНБАЕВ.