«Сырдарияда оқушыларға құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді»

Azattyq-news
2 Min Read

Сырдария ауданы полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесіне қарасты отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты А. Рсымова Төтенше жағдайлар қызметі өкілдерімен және «Тіршілік тынысы» редакциясының қызметкерлерімен бірлесе отырып, №35 И. Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінде мазмұнды әрі тағылымды кездесу ұйымдастырды.


Аталған іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ қазіргі қоғамда кең таралып отырған буллинг, кибербуллинг және интернет-алаяқтықтың қауіптілігін түсіндіру болды. Кездесу барысында мамандар оқушыларға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлері, оның салдары мен алдын алу жолдары туралы кеңінен ақпарат беріп, әрбір азаматтың құқықтары мен міндеттері жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, оқушыларға буллинг пен кибербуллингтің психологиялық әсері, оның құрбандарына тигізетін зияны туралы нақты мысалдар келтіріліп, мұндай жағдайларға тап болған кезде қайда жүгіну керектігі түсіндірілді. Интернет кеңістігінде жиі кездесетін алаяқтық әрекеттер, олардың түрлері мен сақтану жолдары да жан-жақты баяндалды. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан тұшымды жауаптар алды.
Кездесу тек теориялық түсіндірумен шектелмей, интерактивті форматта өтті. Оқушылармен ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, түрлі жағдаяттық тапсырмалар арқылы олардың ой-өрісі мен құқықтық көзқарастары дамытылды.
Іс-шара соңында оқушылардың белсенділігін арттыру мақсатында сергіту жаттығулары мен шағын спорттық жарыстар ұйымдастырылып, қатысушылар көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Мұндай кездесулер жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың саналы әрі жауапты азамат болып қалыптасуына үлкен ықпал ететіні сөзсіз.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру