«СЫРДАРИЯ – ҚАУІПСІЗ АУДАН, БОЛАШАҚ ҰРПАҚ МЕКЕНІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ТҮНГІ РЕЙДТІК ІС-ШАРАЛАР ЖҮРГІЗІЛДІ

Azattyq-news
2 Min Read

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың тыныштығын сақтау мақсатында «Сырдария – қауіпсіз аудан, болашақ ұрпақ мекені» жобасы аясында аудан көлемінде кешенді профилактикалық рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Рейд барысында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мен жауапты мекеме өкілдері елді мекендердегі сауда орындарын, көңіл көтеру орындарын, көшелер мен қоғамдық орындарды аралап, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған бақылау жұмыстарын жүргізді.

Іс-шараның басты мақсаты – түнгі уақытта алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың жолын кесу, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішудің және есірткі құралдарын пайдаланудың алдын алу арқылы қоғамдық тәртіпті нығайту.

Рейд кезінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 200-бабында көзделген талаптардың сақталуына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, алкоголь өнімдерін заңмен белгіленген уақыттан тыс сататын сауда орындары тексеріліп, анықталған құқық бұзушылықтар бойынша заң талаптарына сәйкес әкімшілік шаралар қолданылды.

Сонымен қатар ӘҚБтК-нің 440-бабына сәйкес қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді тұтыну немесе масаң күйде қоғамдық орындарға келу деректерінің алдын алу бағытында түсіндіру және бақылау жұмыстары жүргізілді. Қоғамдық тәртіпті бұзатын азаматтарға заң талаптары түсіндіріліп, тиісті әкімшілік хаттамалар рәсімделді.

Рейд барысында қоғамдық орындарда есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды заңсыз пайдалану фактілерін анықтау мақсатында да бақылау күшейтілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, есірткі қылмыстарының алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталды.

Жергілікті кәсіпкерлермен де профилактикалық кездесулер өткізіліп, алкоголь өнімдерін сату кезінде заң талаптарын қатаң сақтау қажеттілігі түсіндірілді. Сауда нысандарының иелеріне заң талаптарын бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылғаны ескертілді.

Мұндай профилактикалық іс-шаралар құқық бұзушылықтың алдын алуда, тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруда және қоғамда заң мен тәртіп қағидатын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Әсіресе жастардың құқық бұзушылыққа жол бермеуі, зиянды әдеттерден аулақ болуы және салауатты өмір салтын ұстануы – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.

«Сырдария – қауіпсіз аудан, болашақ ұрпақ мекені» жобасы аясындағы рейдтік жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. Құқық қорғау органдары тұрғындарды заң талаптарын қатаң сақтауға, қоғамдық тәртіпті бұзбауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға белсенді атсалысуға шақырады. Қауіпсіз қоғам – әрбір азаматтың жауапкершілігі мен заңға құрметінен басталады.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру