Жаз мезгілінде күннің ысып, тұрғындардың өзен-көлдер мен су айдындарына жиі баруына байланысты Сырдария ауданы полиция бөлімі аудан тұрғындарын судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Жыл сайын шомылу маусымында қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдарынан түрлі қайғылы оқиғалар орын алып жатады. Олардың басым бөлігі азаматтардың арнайы жабдықталмаған, рұқсат етілмеген орындарда суға түсуі, қауіпсіздік талаптарына немқұрайлы қарауы және балаларды қараусыз қалдыруынан туындайды.
Осыған байланысты аудан тұрғындарына тек арнайы белгіленген, құтқару қызметтерімен қамтамасыз етілген және суға түсуге рұқсат етілген жағажайларда ғана демалуға кеңес беріледі. Белгіленбеген орындарда су түбінің жағдайы белгісіз болуы мүмкін. Терең шұңқырлар, күшті ағыс, су астындағы бөгде заттар мен басқа да қауіптер адам өміріне елеулі қатер төндіреді.
Әсіресе, ата-аналарға балаларының қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет. Кәмелетке толмағандарды өзен-көлдердің жағасында немесе су ішінде қараусыз қалдыру қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Сондықтан балалардың суға түсуі әрдайым ересектердің қатаң бақылауында болуы тиіс. Сондай-ақ балаларға судағы қауіпсіздік ережелерін алдын ала түсіндіріп, қауіпті орындарда ойнауға жол бермеу маңызды.
Полиция қызметкерлері азаматтарды су айдындарында алкогольдік ішімдік ішіп суға түспеуге, жүзу мүмкіндігін дұрыс бағалауға, ауа райының қолайсыз кезінде суға бармауға және қауіпсіздік белгілері мен ескерту тақтайшаларының талаптарын бұлжытпай орындауға шақырады.
Адам өмірі – баға жетпес құндылық. Сондықтан әрбір тұрғын қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтап, өз өміріне де, жақындарының амандығына да жауапкершілікпен қарауы қажет.
Құрметті аудан тұрғындары!
Өзіңіздің және отбасыңыздың қауіпсіздігін бірінші орынға қойыңыз. Тек рұқсат етілген орындарда ғана суға түсіп, балаларды қараусыз қалдырмаңыз. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау – қайғылы жағдайлардың алдын алудың ең тиімді жолы.
Сақ болыңыз! Өміріңіз – өз қолыңызда!
Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру
Пікір қалдыру
