Сыр өңірінде тіл айлығы жарияланды

2024 04 04 12 44 04

Қызылордада 3-30 сәуір аралығында «Тіл – руханият өзегі» атты жастар арасында мемлекеттік тілді дәріптеудің арнайы тіл айлығы жарияланды, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.

Мемлекеттік тіл – ұлттың ұлылығын айшықтайтын, бірлік пен татулықтың берік кепілі. Қазақы қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі ешқашан құндылығын жоғалтқан емес. Осы орайда, биыл Сыр елінде «Руханият жылы» болып жарияланған болатын. Соның аясында 3-30 сәуір аралығында «Тіл – руханият өзегі» атты жастар арасында мемлекеттік тілді дәріптеудің арнайы тіл айлығы жарияланды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров хабарлады.

– Мемлекеттік тіл – Тәуелсіз еліміздің басты ұлттық коды. Қандай ел болмасын, мемлекеттік тілдің мәртебесі – тілді қолданушыларға тікелей байланысты. Осыған орай, өңіріміздегі жастар арасында мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту мақсатында бір ай көлемінде «Тіл – руханият өзегі» атты тіл айлығы жарияланды. Іс-шара жоспарына сәйкес, 4-19 сәуірде «Тіл тазалығы» акциясы, 8 сәуірден бастап «Тіл – ұлттың жаны» атты студенттер арасында байқау, 9 сәуірде «Тіл және жастар» тақырыбында дебат ойыны, 12 сәуір күні «KAZAKH TIL QUIZ» интеллектуалды сайысы ұйымдастырылады. Ал, 15 сәуір – «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» күніне орай жоғары және арнаулы орта оқу орындарының жастары арасында қазақтың ұлттық киімін кию күні болып белгіленді. 16 сәуірде ардагерлер мен жастар арасында «BIR TOLQYNDA» диалог алаңы өткізілсе, 18 сәуірде ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған «Этно QUIZ» ұлттық-танымдық интеллектуалды сайысы болады. Шара тізбегі бойынша 23 сәуір күні «Оян, қазақ!» кинофильмін жастар арасында көрсетіліп, талқыланады. Ал жарияланған айлық 30 сәуір күні филолог ғалымдардың, тіл жанашырларының және жастар ұйымдарының қатысуымен «Ұлттық рухтың негізі – ана тілі» атты дөңгелек үстелмен қорытындыланады, – деді АРТУР РАУШАНБЕКҰЛЫ.

Брифинг барысында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы, тіл жанашыры Сәдуақас Аңсат мемлекеттік тілдің маңыздылығына тоқталып, өз пікірін ортаға салды.

–Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда мемлекеттік тілге қатысты өзекті мәселе көтерді. Біздің Сыр елі таза қазақша сөйлетін, тұрғындары да ұлттық тілді қолдайтын аймақ ретінде көпке белгілі. Десе де, кейінгі жас буынға мемлекеттік тілді дұрыс дәріптеуіміз қажет. Жастар ертеңгі болашағымыз десек, қоғам болып мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруіміз тиіс. Бұдан бөлек, мемлекеттік мекемелерде де ана тіліміз кейінге ысырылып қалмауын қадағалауымыз керек. Себебі, баршаңызға белгілі, көптеген мемлекеттік мекемелер қазақ тілімен бірге орысша құжат беруін талап етеді. Сондықтан да өз ана тіліміздің мәртебесін көтеріп, ұлт жанының бір бөлшегі саналатын мемлекеттік тілді құрметтейік, – деді СӘДУАҚАС АҢСАТ.

Сондай-ақ, облыстық Жастар ресурстық орталығында да тіл айлығы түрлі бағыттағы іс-шаралардың ұйымдастырылуымен айшықталмақ. Толығырақ облыстық Жастар ресурстық орталығы КММ директорының орынбасары Қорған Өтегенов баяндады.

–Сәуір айының 3-нен бастап жастар арасында мемлекеттік тілді дәріптеу бойынша 12 тармақтан тұратын тіл айлығы жарияланды. Бекітілген жоспарға сәйкес, облыс көлеміндегі жастар арасында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, интелектуалдық сайыстар, дебат ойындары және дөңгелек үстелдер өткізіледі. Аталмыш шаралардың басым көпшілігі – облыстық Жастар ресурстық орталығында өтеді деп жоспарлануда, – деді ҚОРҒАН ӨТЕГЕНОВ.

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

6 + шесть =

АЙДАРЛАР

Басқа да мақалалар