Бүгін Қызылорда облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жаппай сенбілік ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес оған облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов және басқармалар, аумақтық департаменттер, республикалық мекемелердің облыстағы филиалдарының басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бекітілген өңірлік іс-шаралар жоспары бойынша жалғасын табуда. Акция басталғалы бері санитарлық тазарту, абаттандыру және көркейту-көгалдандыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Оған қатысушылар қоқыс қалдықтарын шығаруға, елді мекендердегі скверлер мен парктерді, тарихи-мәдени ескерткіштерді, әлеуметтік, өнеркәсіп және бизнес нысандар аумағын, өзен, көл, су айдындарын, субұрқақтар мен арықтарды, аулалар мен көшелерді тазартуға атсалысуда.
Бес кезеңнен тұратын «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» апталықтары ұйымдастырылды.
«Таза Қазақстан» онлайн платформасында операторлар, модераторлар мен орындаушылар тұрғындардан түскен өтініштерді уақытылы қарап, жауабын беруде. Республикалық және жергілікті БАҚ-тардағы, әлеуметтік желілердегі жарияланымдар да көпшілікті ортақ істің аясына бірігуге үндейді.
«Таза Қазақстан» телеграм-боты бойынша жауапты тұлғалар белгіленіп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қала, аудан әкімдіктерінде де жауапты орындаушылар бар.
Телеграм-бот туралы ақпарат КСК, ОСИ, тұрғын үйлер мен квазимемлекеттік секторлардың, мекемелердің 12 мыңға жуық «Whatsapp», «Телеграм» чаттарына таратылды.