463596415 2122645611464273 4265260777898094505 nplaceholder

Судьялардың ІХ съезі өтті

Қазан айының 3-4 күндері Астана қаласында ҚР Судьяларының ІХ съезі өтті, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.

Судьялар съезі – Қазақстанның сот жүйесін талқылап қана қоймай, оны жетілдіру жолдарын қарастырып, маңызды стратегиялық шешімдер қабылдайды. Жоғарғы соттың жұмысын жеңілдету мақсатында келер жылдан бастап кассациялық сот жұмысын бастамақ. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында жауапты сала мамандары келіп судьялардың ІХ съезінде талқыланған мәселелерді айтты.

– Мемлекет басшысының қатысуымен өткен жиынның ерекшелігі – географиясының ауқымы мен биліктің үш тармағының да бірдей қатысуында. Себебі, атқарушы, заң шығарушы және сот билігі бірге қатысқан жиын болды. Ел Президенті сот жүйесіндегі реформаларға, сот жұмысына оң бағасын берді. Әсіресе, биылғы жылы сот отырыстары өте ұтымды ойластырылып, адамдардың құқықтық сауаттылығын арттыра түскенін жеткізді. Жаңа кассациялық соттардың сот төрелігін жүргізудегі тиімділігін, сот практикасының бірыңғай болуын қамтамасыз ететінін баса айтты. Жалпы, бұл жиыннан алған әсерім мол. Себебі, 19 жылдық судьялық еңбек жолымда осындай алқалы жиынға қатысу мүмкіндігі алғаш рет бұйырды,- деді Қызылорда облыстық сотының судьясы Шолпан Маликова.

– Қазақстанның соты тәуелсіздік жылдарында үлкен даму белестерінен өтті. Осы жылдар ішінде үздіксіз жүзеге асырылған реформалар саланың аяғынан тік тұрып, өзіндік бет-бейнесін қалыптастыруына, жұмысын жүйелеуіне ықпал етті. Соттың беделін биіктетіп, судьялар тәуелсіздігін нығайтуда жыл сайынғы Президент Жолдаулары мен әр төрт жыл сайын ұйымдастырылатын республика судьялары съезінің орны зор. Бүгінде соттағы жаңашылдықтардың күретамырына айналған “Судьялар одағы” республикалық қоғамдық бірлестігі де бастауын осы съезден алған болатын. Бұл бірлестік 1996 жылғы алғашқы съезде өз жұмысын бастады. Міне содан бері Судьялар одағы сот жүйесінде іске асырылып жатқан іргелі жобалар мен жаңашылдықтардың, заңнамаларға енгізілген өзгерістердің, қоғамдағы айтулы бастамалардың жаршысы болып келеді,- деді Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы, Судьялар одағының Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы Бақытбек Елшібеков.

– Бүгінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтық қызметшілердің қызмет әдебі кодексі бар. Әдептілік қағидаттары жинақталған кодекс судьялар қауымының да басты бағдар етер құжатының бірі. Бұл кодекс судьялардың кәсіби және қызметтен тыс өміріндегі мінез-құлықтарының этикалық ережелерін анықтауымен бағалы. 1996 жылы республика судьяларының І съезінде қабылданған Әдеп кодексіне бірнеше жаңғыртулар жасалып, бүгінгі күнге дейін судьялардың қызметтегі және қызметтен тыс кездегі әдебінің басты талаптарын белгілеген болатын. Міне, осы жылдар бойы судьялардың қорғаны болған Әдеп кодексін заман талабына сай қайта дайындау қажеттілігі туындап отыр. Бұл өзгеріс бүгінгідей жаңа технология жетістіктері жаппай қолданысқа енгізіліп, ақпараттар тасқынын сүзгіден өткізу мүмкіндігі төмен кезеңде аса өзекті болып отыр. Кодекс көпшіліктің көкейіндегі талап пен тілекке толық сәйкес келуі үшін судьялардан арнайы жұмыс тобы құрылған еді. Осы жұмыс тобының құрамында маңызды құжаттың дайындалуына атсалысу мен үшін үлкен мәртебе. Жалпы Әдеп кодексін дайындау ісінен республика судьяларының ешқайсысы шет қалған жоқ. Алдымен жергілікті жерлердегі судьялар кодекске қатысты өз пікір-ұсыныстарын білдіріп, сол бойынша құжаттың негізі жасалды,- деді Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Гүлжан Мырзатаева.

 

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

17 + пятнадцать =

АЙДАРЛАР

Басқа да мақалалар