Сапалы медицина – халық сенімінің басты кепілі

Azattyq-news
1 Min Read

Қызылорда облысында медициналық және фармацевтикалық қызмет сапасын бақылау бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Жанерке Жақсылық мәлімдеді.
Департамент басшысының айтуынша, бүгінде өңірде 975 медициналық ұйым мен 536 фармацевтикалық нысан халыққа қызмет көрсетуде. Биылғы жылдың алғашқы алты айында 4 290 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, медициналық және фармацевтикалық қызметке қатысты тұрғындардан түскен 340 арыз-шағым қаралған. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті әкімшілік шаралар қабылданып, мекемелердің қызметін жетілдіру жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар, заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 81 медициналық және фармацевтикалық субъектіге профилактикалық бақылау жүргізіліп, 79 ұсыным берілген. Нәтижесінде 34 субъект анықталған кемшіліктерді толық түзетсе, талаптарды орындамаған 43 мекеме келесі бақылау кезеңінің тізіміне енгізілген.
Бұдан бөлек, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Жыл басынан бері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде ақпараттық материалдар жарияланып, медицина және фармацевтика саласы өкілдерімен кездесулер, семинарлар мен «Ашық есік күндері» өткізілді.
Мамандардың айтуынша, сапалы әрі қауіпсіз медициналық қызмет көрсету – халық денсаулығын сақтаудың және қоғам сенімін нығайтудың басты кепілі.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру