Бүгінгі таңда Қазақстанда атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша 17,9 мыңға жуық адам жұмыс істейді, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Оның ішінде уәкілетті мемлекеттік органда-36, ғылыми-техникалық ұйымдарда-2,9, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-15 мыңға жуық маман қамтылған. Атом өнеркәсібіндегі студенттердің саны 9000 адамды құрайды. Бұл алдағы уақытта жас мамандар саны артатындығының көрінісі. Яғни, білім саласына тигізер әсері зор.
Облыстық халықтық штаб мүшелерінің білім саласы қызметкерлерімен кездесуінде AЭС-тің осы бағыттағы артықшылықтары мен негзігі тигізер пайдасы кеңінен талқыланды.
«Орташа алғанда, атом электр станциясын пайдалану кезеңінде жоғары және орта арнаулы білімі бар шамамен 2000 адамнан тұратын қызметкер қажет. Осы мақсатта болашақта атом энергетикасын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында кадрларды даярлау жоспары жеке әзірленіп, қабылданбақ. Оның негізінде қажетті мамандар даярланатын болады. 2023-2024 оқу жылына атом өнеркәсібіне 5246 грант бөлінген, оның ішінде уран өнеркәсібі мамандықтары бар. Бұл біздің аймақтың білім саласы үшінде тиімді болмақ», – деді штаб мүшесі Гүлшат Мұсаева.
Жиында қалалық халықтық штаб мүшесі Талғат Мақаш дүниежүзінде 62 реактор салынып жатқанын атап өтіп, атом электр станцияларының өнеркәсіптік өндірістік персоналының шамамен 20%-ын ядролық білімі бар өнеркәсіптік-өндірістік қызметкерлер құрайтынын жеткізді. Айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда екі ірі ғылыми-зерттеу ұйымы бар. Ол Курчатов қаласындағы ұлттық ядролық орталығы және Алматыдағы ядролық физика институты. Олар атом электр станцияларын құру процесін ғылыми-техникалық қамтамасыз ету қызметін атқарады. Осы ғылыми-зерттеу ядролық реакторларының іске қосылуы ядролық физика әдістерін еліміздің әртүрлі салаларына енгізуге кең мүмкіндік ашпақ.
Жиын қорытындысында көптеген жастардың бүгінгі күні білікті маман болып қалыптасуына мектеп қабырғасында білім мен бағыт бағдар беріп отырған ұстаздар қауымы олардың болшағы үшін, Президенттің әрбір бастамасына қашан да қолдау көрсететіндіктерін жеткізді.