Бүгін республикалық рефрендум аясында Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Дауылкөл ауылдық округіндегі №109 сайлау учаскесінде ақын-жыраулар дауыс берді, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Халық аузында «Сыр елі – жыр елі» деп танылған Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы Тұрмағамбет ауылы даңқты жырауларымен танымал. Бұл өлкеден Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары, Жиенбай жырау сияқты даңғайыр ақын-жыраулар шыққан.
100 жырау шыққан өнерлі өлкенің тұрғындары да бүгін республикалық рефрендумда дауыс беруде.
Учаскеде дауыс беруді ауылдың жыраулары бастады. Зәуре Кәрібаева, Дінислам Тоқсанбаев бастаған термешілер жырдан шашу шашты.
Дауыс беру күніне дейін өзге өңірден келген немесе басқа да себептермен өз учаскесінен тыс жерде дауыс беруге ниет білдірген азаматтар учаскелерден есептен шығару куәліктерін алды.
Аймақта 165 азамат есептен шығару куәлігін алуға өтініш жазған. Оның 87-і Қызылорда қаласынан, 78-і аудандардан алған.
Еске салайық, референдум күні облыс бойынша 492 380 азамат дауыс беруге құқылы.
Өңірде азаматтардың учаскесін анықтауға арналған 179 онлайн сервис жұмыс істейді. Сондай-ақ, азаматтарды уақытша тіркеу қызметімен айналысатын 5 онлайн учаске бар.
Облыста 380 референдум учаскесі жұмыс істейді. Мұнда 2652 комиссия мүшелері қызмет атқарады.
Қажеттіліктерге қарай учаскелерде 48 ымдау тілінің маманы қызмет атқарады. Сондай-ақ, 72 учаскеде 105 азаматқа Брайль қарпімен жазылған трафереттер қолжетімді.