Олимпиадаға жолдама алған спортшыға автокөлік сыйға берілді

417453289 763814952606418 3634647630662813430 n

Облыс әкімдігінде Қазақстан халқы ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында берілген тапсырмаларды жүзеге асыру жайы талқыланған, алдағы мақсат-міндеттерді белгілеуге арналған облыстық ассамблеяның XXVІ сессиясы өтті, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.

Жиынға Қызылорда облысының әкімі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Нұрлыбек Нәлібаев, мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестіктердің, ассамблея құрылымдарының жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдар қатысып, қала және аудан әкімдері онлайн қосылды.

Аймақ басшысы өз баяндамасында Қазақстан халқы ассамблеясы XXХІІІ сессиясының тапсырмаларынан туындайтын міндеттер туралы айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы XXХІІІ сессияда «Мемлекеттік саясаттың басты өзегі және жалпыұлттық бірегейлікті нығайтатын негізгі фактор – бірлік» деп атап өтті. Бүгінде елімізде 100-ден астам, Сыр өңірінде 30-дан астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүреді. Олар мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосуда. Қазіргі кезде ассамблея институты қоғамның барлық салаларында белсенді жұмыс атқарады. Мәселен, отбасын сақтау, мәдениетаралық байланысты нығайту, рухани-адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеу, жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында ассамблея жанындағы ақсақалдар, аналар кеңестерінің рөлін ерекше атап өтуге болады. Облысымыздағы 11 этномәдени бірлестік пен ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдар жалпыға ортақ құндылықтарды, бірегейлікті, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаттарын кеңінен насихаттауда. Аймақта «Сыр өңірі – бейбітшілік пен келісім мекені» жобасы жүзеге асуда. Оның аясында ассамблея жанындағы ақсақалдар, аналар, медиация кеңестері, ғалымдар, белсенді жастар елді мекендерде кездесулер мен кеңес берулер ұйымдастыруда», – деді НҰРЛЫБЕК МАШБЕКҰЛЫ.

Облыс әкімі алдағы жылы Ұлы Жеңістің 80, Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы атап өтілетінін айтып, мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру бойынша бірқатар тапсырма берді. Мұнан бөлек, биыл Сыр өңірінде алғашқылардың бірі болып құрылған корей этномәдени бірлестігінің 35 жылдығы аталып өтпек. Мерейтой қарсаңында Оңтүстік Корея елінің қолдауымен қайта жаңғыртудан өткен корей халқының ұлттық батыры Хон Бом Доның мемориалдық кешеніндегі музей ресми түрде ашылады.

Аймақ басшысы өз сөзінде су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көмек көрсетуге атсалысқан азаматтарға, оның ішінде белсенді әрі үйлесімді жұмыс жасаған ассамблея өкілдеріне алғыс білдірді.

Сессияда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері атқарылған жұмыстарын баяндап, ұсыныс-пікір білдірді. Бірқатар ассамблея өкіліне Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолтаңбасы бар, Қазақстан халқы ассамблеясына мүшелікті растайтын куәлік табысталды. Сондай-ақ, өңірдегі этносаралық саясат пен қоғамдық келісімнің нығаюына үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Іс-шара соңында аймақ басшысы грек-рим күресінен Париж олимпиадасына жолдама алған Айдос Сұлтанғалиді жеңіс жолындағы жетістігімен құттықтады.

Еске салсақ, үш дүркін Азия чемпионы, үш дүркін Әлем чемпионатының қола жүлдегері Айдос Сұлтанғали жуырда Бішкек қаласында өткен лицензиялық турнирде ел мерейін үстем етті. Спортшыға облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының төрағасы Бақдәулет Махашовтың қолдауымен облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы жерлестерінің атынан автокөлік кілтін табыстады.

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

3 − 1 =

АЙДАРЛАР

Басқа да мақалалар