Қызылорда облысы бойынша Билер кеңесінің төрағасы Зейнулла Әлімжанұлы Нұрсейітов Жаңақорған, Жалағаш және Сырдария аудандық соттарына жұмыс сапарымен барып, сот ұжымдарының өкілдері мен аудандық билер кеңесінің мүшелерімен кездесті. Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – билер кеңесінің қызметін жетілдіру, дауларды сотқа дейінгі тәртіппен шешу тетіктерін дамыту және қоғамдағы татулық пен бірлікті нығайту бағытындағы өзара іс-қимылды күшейту болды.
Кездесулерге аудандық соттардың төрағалары мен судьялары, сот әкімшілерінің басшылары, сондай-ақ аудандық билер кеңестерінің төрағалары мен мүшелері қатысты. Басқосу барысында сот жүйесі мен билер кеңесі арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығы сөз болып, тұрғындар арасындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру, дау-дамайларды бейбіт жолмен шешу және қоғамдағы әлеуметтік келісімді нығайту мәселелері жан-жақты талқыланды.
Жиында сөз сөйлеген Зейнулла Нұрсейітов қазіргі таңда мемлекет тарапынан азаматтық қоғамдағы дауласу деңгейін төмендетуге және бітімгершілік рәсімдерін кеңінен қолдануға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, осы бағыттағы жұмыстарда билер кеңесіне үлкен жауапкершілік жүктелген. Сондықтан кеңес мүшелері халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, тараптарды өзара келісімге келтіруге ықпал ететін тиімді тетіктерді кеңінен қолдануы қажет.
Сондай-ақ кездесуде билер кеңесінің негізгі мақсат-міндеттері, оның қоғамдағы тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтаудағы рөлі кеңінен сөз болды. Дауларды сотқа жеткізбей, өзара мәміле арқылы шешудің артықшылықтары талқыланып, билер институтының ұлттық құқықтық дәстүрлерді сақтаудағы және азаматтардың сотқа деген жүктемесін азайтудағы маңызы ерекше екені айтылды.
Жұмыс сапары барысында билер кеңесінің қызметін ұйымдастыру мәселелері де қаралды. Кеңес мүшелерінің жұмыс тиімділігін арттыру, халықпен байланысты күшейту, жергілікті деңгейде туындайтын дауларды жедел әрі әділ шешу бағытындағы алдағы жоспарлар нақтыланып, бірлескен іс-шаралар жоспары айқындалды.
Кездесу соңында қатысушылар бітімгершілік институтын дамыту, билер кеңесінің қызметін жетілдіру және сотқа дейінгі реттеу рәсімдерін кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті. Тараптар алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты нығайтып, қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді.
