Облыс аумағында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, балалардыңіңіі қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың заңды құқықтарын қорғауға бағытталған кең ауқымды «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Ағымдағы жылдың 1–3 шілде аралығында ұйымдастырылған іс-шара барысында полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардың, білім беру ұйымдарының және басқа да мүдделі мекемелердің өкілдерімен бірлесіп рейдтік, профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Негізгі мақсат – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, балаларды заңсыз еңбекке тарту фактілеріне жол бермеу, сондай-ақ түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Іс-шараға облыс бойынша 382 полиция қызметкері жұмылдырылып, ойын-сауық орындары, саябақтар, сауда орталықтары, көшелер мен өзге де қоғамдық орындарда тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Жедел-профилактикалық іс-шараның алғашқы екі тәулігінде бірқатар әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүрген кәмелетке толмағандарға байланысты 80 заңды өкілге Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабы бойынша әкімшілік шара қолданылды.
Сонымен қатар, балаларды тәрбиелеу және олардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамаған 12 заңды өкіл ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы негізінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Профилактикалық жұмыстар аясында тұрмыстық жағдайы ерекше бақылауды қажет ететін отбасыларға да басымдық берілуде. Нәтижесінде полицияның профилактикалық есебіне 8 кәмелетке толмаған және 6 қолайсыз отбасы алынып, олармен тұрақты түрде әлеуметтік-құқықтық және тәрбиелік бағыттағы жұмыстар ұйымдастырылуда. Бұл шаралар балалардың қараусыз және қадағалаусыз қалуының алдын алып, олардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне ықпал етеді.
Полиция департаменті ата-аналар мен заңды өкілдерді балалардың қауіпсіздігіне ерекше жауапкершілікпен қарауға шақырады. Әсіресе жазғы демалыс кезінде олардың қайда жүргеніне, кіммен араласатынына, бос уақытын қалай өткізетініне тұрақты бақылау жасап, заң талаптарын сақтаудың маңыздылығын түсіндіру қажет.
Балалардың қауіпсіздігі – әрбір ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Құқық бұзушылықтың алдын алу – болашақ ұрпақтың жарқын келешегіне жасалған маңызды қадам.
Балалардың қауіпсіздігін бірге қамтамасыз етейік!
Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру
Пікір қалдыру
