Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысын көрді, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Алдымен аймақ басшысы «Арай-2» мөлтек ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін әрлеу жұмыстарымен танысты. Биыл демеушілер қолдауымен осы жұмыс қолға алынған еді. Бұл – қала бейнесін, сәулетін жаңартуға, көркейтуге бағытталған қадам.
Еске салсақ, өткен жылы Қызылорда облысының 85 жылдығына және қала күніне орай шаһардағы 30-дан астам көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті заманауи панельмен қапталған еді. Бұл жұмыс демеушілердің, атап айтқанда қала құрылысшылары мен кәсіпкерлердің қолдауымен атқарылды. Игі бастама биыл да жалғасын таппақ.
Әрі қарай Нұрлыбек Машбекұлы орталық алаңға барып, ондағы қайта жаңғырту, абаттандыру жұмыстарын көрді.
Өткен жылы аймақтың бас қаласын көркейтуге ерекше маңыз беріліп, игілікті істің бірі орталық алаңда бастау алған болатын. Жоба бойынша алаңға субұрқақтар, қиыршық тас, жолжиек тас төселіп, жарық диодты шамдар қойылып, газон, көпжылдық жасыл көшеттер отырғызылды. Сонымен қатар, шағын архитектуралық пішімдемелер қойылуда. Мұнда жаңа үлгідегі орындықтар, жарық бағаналары және балалар ойын алаңы да орналастырылған. Ы.Жақаев көшесінің Қорқыт ата көшесінен орталық алаңға дейінгі аралығы да толықтай абаттандырылады. Осылайша қала келбеті, орталықтағы негізгі көшенің бірінің бойы көріктене түспек. Бұл тұрғындар демалысы мен серуендеуіне қолайлы жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылуда. Нысан жақын күндері халық игілігіне табысталады. Айта кету керек, орталық алаңды толық жаңғырту жобасы кәсіпкердің демушілігімен жүзеге асырылуда.
Мұнан әрі облыс әкімі теміржол вокзалына барды. Еске салсақ, өткен жылы вокзал ғимараты жаңғыртылып, аумағы абаттандырылған еді. Аймақ басшысы осы маңдағы дүңгіршектер мен өзге де кәсіпкерлік нысандардың қасбетін әрлеуге, тазалық пен көгалдандыруға қатысты тапсырмалар берді. Қала әкімідігіне құрылыс сапасы мен мерзімін қатаң бақылау жүктелді.
Облыс әкімі жаңа жылу-электр орталығының құрылыс алаңындағы жұмыстармен де танысты. Қолданыстағы жылу орталығының тозығы жетуіне байланысты, Мемлекет басшысының оңтүстік өңірлерде электр энергиясы тапшылығын болдырмау тапсырмасына сәйкес, түрік инвесторымен бірлесіп, құны 215 млрд теңге болатын жаңа жылу орталығының құрылысы басталғаны белгілі. Нысан 2025 жылы іске қосылады. Шетелдік инвестиция есебінен салынатын жаңа ЖЭО 240МВт электр қуатын өндіре алады.
Жоба қазіргі Қызылорда жылу-электр орталығы аумағындағы 24,5 гектар жер учаскесінде іске асырылуда. Бүгінде инвестор «AKSA Energy» түрік компаниясы құрылысқа 70 млрд. теңгеден астам инвестиция салды. Негізгі қондырғыларды дайындау үшін шетелдік компанияларға тапсырыс берілген. Құрылғылар шілде айынан бастап Швейцария, Чехия, Италия, Түркиядан құрылыс алаңына жеткізіледі. Жоба жүзеге асырылғанда Қызылорда облысы электр энергиясымен, Қызылорда қаласы жылу энергиясы және ыстық сумен толық қамтылатын болады.