Қызылордада жаңа перинаталдық бөлім ашылды

430289496 705615978426316 5290648472040079401 n

Мереке қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен  Қызылордадағы көпбейінді облыстық аурухана базасында 70 орындық перинаталдық бөлімнің ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.

Бұл игілікті қадам арқылы сырбойылық аналардың денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстарға жаңа серпін берілмек.

«Бұған дейін Қызылордада босанған әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге көмек көрсететін жалғыз медициналық ұйым – облыстық перинаталдық орталық ғана болған. Жаңадан ашылған бөлім перинаталдық орталықтың жүктемесін азайтады, түрлі сырқаты бар жас аналарға, жүкті әйелдерге көмек көрсетеді.  Бөлімді ашуға, оны қажетті медициналық құрылғылармен қамтамасыз етуге бюджеттен 1 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Бұл – өңірдегі қолға алынған жұмыстардың бір бөлігі ғана. Әрине, мұның барлығы аймақ халқының бекем бірлігі мен тату тірлігінің арқасында жасалуда. Алдағы уақытта ел игілігі жолындағы мақсатты жұмыстарды өздеріңізбен бірге жүйелі түрде, үздіксіз жүргізе береміз. Бүгін іске қосылатын МРТ аппараты және 70 орындық перинаталдық бөлім халық денсаулығын жақсартып, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыра түседі деп сенеміз», – деді ОБЛЫС ӘКІМІ НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ.

Іс-шарада ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қызылорда облысының құрметті азаматы Тұрғанбай Маханов әріптестерін құттықтап, ізгі тілегін арнады. Сондай-ақ, жаңа МРТ аппаратын іске қосуға және перинаталдық бөлімнің ашылуына үлес қосқан медицина қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетейік, бүгінде Сыр өңірінде тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру мақсатында жаңа нысандар көптеп бой көтеруде.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен өңірімізде жалпы құны 11 млрд. теңгені құрайтын 27 нысан салу көзделген. Өткен жылы елді мекендерде 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет ел игілігіне табысталып, қазір 30 мыңнан астам ауыл халқына қалтқысыз қызмет көрсетуде. Қалған 11 нысан, 1 ауылдық аурухана (Жаңақорған ауданы, Төменарық ауылында) және Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған ауданаралық көпбейінді ауруханалары жанынан қосымша құрылыстар биыл салынып, ел игілігіне беріледі.

Қызылорда қаласында 36 млрд. 400 млн. теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 2 млрд. 900 млн. теңгені құрайтын «Қан орталығы» Медицина қызметкерлері күні қарсаңында пайдалануға беріледі.

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

двадцать + 20 =

АЙДАРЛАР

Басқа да мақалалар