«Қазпошта» кассирлері 84 миллион теңге мемлекеттік баж салығын жымқырған, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
ҚМА Алматы облысы прокуратураның үйлестіруімен мемлекеттік қызметтер көрсетілгендігі үшін жасалған төлемдерді аса ірі мөлшерде жымқыру мән-жайы бойынша соталды тергеп-тексеру басталғаны белгілі болды.
Тергеп-тексеру нәтижесінде Алматы облысы Жамбыл ауданының халыққа қызмет көрсету бөлімінде қызмет көрсететін «Қазпошта» АҚ кассирлері 2021-2023 жылдар аралығында паспорт және жеке куәлікті рәсімдеу барысында мемлекеттік баждың бір бөлігін иемденіп отырғандығы анықталды.
«Көші-қон қызметіне баж соммасы жайлы көрінеу жалған ақпарат енгізілген түбіртекті ұсынып, мемлекетке 84 миллион теңгеден аса шығын келтірген. Тергеп-тексеру жалғасып жатыр, өзге ақпарат ҚР ҚПК 201 бабына сәйкес жарияланбайды. Қаржылық мониторинг агенттігі экономикалық құқықбұзушылықтар үшін заңмен жауапкершілік көзделгендігін ескертеді», — делінген хабарламада.