Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау мәселесі талқыланды

Azattyq-news
2 Min Read

Қызылорда қаласындағы №9 мектеп-гимназиясында жоғары сынып оқушыларына арналған маңызды тәрбиелік іс-шара өтті. Н.Ильясов атындағы білім ордасында 8–11 сынып қыздарына «Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігінің алдын алу» тақырыбында түсіндіру бағытындағы арнайы жиналыс ұйымдастырылды.
Жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері — кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімнің аға инспекторы, полиция майоры Г.Аязбаева мен полиция аға лейтенанты Ф.Примжарова қатысып, оқушыларға құқықтық сауаттылық пен жеке қауіпсіздік мәселелері бойынша жан-жақты ақпарат берді. Кездесу барысында жасөспірімдерге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ қауіпті жағдайларда өзін дұрыс ұстау жолдары кеңінен түсіндірілді.
Іс-шара аясында Қызылорда қаласында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, қоғамдық орындарда, көшелерде, түнгі клубтар мен ойын-сауық мекемелерінде жасөспірімдердің қауіпсіздігін бақылауға бағытталған рейдтік шаралардың жүйелі түрде өткізіліп жатқаны айтылды. Бұл жұмыстарға білім беру ұйымдары, балалардың құқықтарын қорғау мекемелері және басқа да құзырлы органдар бірлесе қатысуда.
Кездесу барысында оқушыларға жеке қауіпсіздік ережелерін сақтау, күмәнді жағдайлардан сақ болу, бейтаныс адамдармен қарым-қатынаста абай болу қажеттігі ерекше атап өтілді. Сондай-ақ түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрмеудің маңыздылығы түсіндірілді.
Мұндай мазмұнды кездесулер жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың өз қауіпсіздігіне деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру